Жүк көліктерінің салмағын өлшеу жүйесі 9 өңірде іске қосылды

Елордаға кірген 900-ден астам жүк көлігі шамадан тыс жүктеме артып, заңбұзушылыққа жол берген, деп хабарлайды 24kz.

Тәртіпке бағынбаған темір тұлпар иелеріне 320 млн теңге айыппұл салынды. Бұл былтыр қыркүйек айынан бері анықталған заңбұзушылық. Әккі жүргізушілер автоматтандырылған өлшеу жүйесінің көмегімен анықталды. Қазір елде бұндай 54 жүйе орнатылған. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш арта түседі. Осылайша, жауаптылар шамадан тыс жүк артып алып, тас жолдарды бұзатын жүргізушілерді тәртіпке келтірмек.

Риат Шони, тілші:

- Бұл – көлік ағыны үзілмейтін күре жол бойындағы тәртіпті күшейтудің тың тәсілі. Автоматтандырылған өлшеу жүйесі. Енді жүк көлігі тоқтамай-ақ, жол бойындағы ақылды таразы арқылы өлшенеді. Егер салмақ рұқсат етілген межеден асып кетсе, жүйе оны автоматты түрде тіркеп, деректі бақылау орталығына жолдайды. Автоматтандырылған жүйелер адами факторды азайтып, сыбайлас жемқорлықтың да жолын кеседі.

Ауыр салмақ – ауыр зардап. Тас жолда жүйіткүйтін жүк көліктері асфальттың шөгуіне алып келетін факторлардың бірі. Себебі олар көбіне шамадан тыс жүк артып алады. Одан түскен салмақ тас жолдың ойылуына алып келеді. Сондықтан қазір қадағалау қатаңдай түсті.

Әділ Боранбай, ҚР Көлік министрлігінің ситуациялық-ақпараттық орталығының бас сарапшысы:

- Бұл кешен арнайы бақылау камераларымен қамтылған. Яғни, көліктердің салмағы автоматты түрде өлшенеді. Егер жүк белгілі бір мөлшерден ауыр болса, онда тиісті ұйғарым шығарылып, көлік иесіне айыппұл ретінде келеді. Бұл жүйе құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі  комитеттің әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай реестрімен байланысқан.

Қазір елде бұндай 54 жүйе орнатылған. Оның 27-сі республикалық тас жолдарға, қалғаны жергілікті маңызы бар бағыттарда қойылған. Инновациялық өлшеу құралы әзірге 9 аймақта іске қосылды. Ал бір ғана Астананың өзінде 9 бағыттағы кіреберіс жолдар былтыр қыркүйек айынан бастап қатаң бақылауға алынған. Осы аралықта жүктемені шамадан тыс арттырған 900-ден астам көлік анықталып, 320 млн теңге айыппұл салынды. Алдағы уақытта бұндай жүйелердің санын арттыру көзделіп отыр.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 221-ге дейін артады деп күтіліп отыр. Неге біз кіреберіс жолдарды бірінші қамтыдық? Себебі, бұл жерде көлік, айналма, бұл айналма жолдар ғой, кіреберіс жолдар. Айналма жолдарда жүк көліктері өте көп қатынайды.

Бұндай автоматтандырылған өлшеу жүйелерін орнатудың басты мақсаты – айыппұл салып, жазалау емес. Асфальттың шөгіліп, жолдардың ойдым-ойдым болып қалуының алдын алу. Яғни, жүкті шамадан тыс артып алып жүйіткитіндерді тәртіпке келтіру.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Кейбір тасымалдаушылар бар, олар тіптен 80 тонна, 100 тоннаға дейін де тасып жатады. Бұл көріп тұрсаңыз, жалпы жүк көліктерінің нормадан артық жүк тасымалдауы, жол сапасын бұзатын бірден бір себеп. Себебі жолдың өзі, асфальттың өзі бұған есептелінбеген. Енді сіз қарап тұрмыз, иә, егер 80 тонна, 100 тонна ауыр жүк көліктері жүре беретін болса, онда ол жолдардың жағдайлары не болады? Енді ол тәртіп орнатылған жерде бәрібір олар тәртіпке көнеді ғой. Сондықтан қазір, мысалы, Астананың айналасында нормаға сәйкес жүру көбірек, жақсарды десек болады.

Мемлекет басшысы Үкіметке тас жолдардың сапасын жақсартуға баса назар аудара отырып, ауқымды құрылыс және жөндеу жұмыстарын бастауды тапсырған болатын. Биылдың өзінде 13 мың шақырымда тиісті жұмыстар жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта 9 мың шақырым жол жаңғыртылып жатыр.

Авторлары: Риат Шони, Асхат Қарақойшиев