Елордада балаларға арналған жаңа ойын алаңы мен скейт-саябақ ашылды
Астана қаласындағы Ы.Дүкенұлы көшесі мен Республика даңғылының қиылысында орналасқан жаңа балалар ойын алаңы мен скейт-саябақ қала тұрғындарының үлкен қуанышына айналды. Қоғамдық кеңістікте бой көтерген бұл нысан – тек ойын алаңы ғана емес, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған жарқын, қауіпсіз және заманауи ортаның үлгісі, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Алаңда скейт-саябақ пен түрлі ойын кешендерімен қатар, балалар мен ересектердің дене шынықтыруын дамытатын спорттық құрылғылар да орнатылған. Бұл – салауатты өмір салтын бала жастан қалыптастыру мен қала тұрғындары арасында кеңінен насихаттауға бағытталған нақты қадам.
Мұнда балаларды жарақаттан қорғайтын қауіпсіз жұмсақ төсеніш төселіп, кең заманауи скейт алаңы орнатылған. Жүгіретін арнайы жол жасалған. Спорттық тренажерлар қойылған. Сырғанақтар кешені де қарастырылған. Көлеңке беріп тұрған ағаштар отырғызылған. Тынығып демалу үшін көше орындықтары да барынша қолайлы етіп жасалған.
Жалпы, биыл қала бойынша 180-нен астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр.