Еліміздегі шағын қалалардың әкімдері тәжірибе алмасты
Қарағанды облысының Саран қаласында биыл жаңа екі кәсіпорын ашылады, деп хабарлайды 24kz.
Олар – металды ыстық мырыштау және болат құбырларды шығаратын зауыттар. Бұл туралы Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Қарағандыда өткен «Моноқалалардың болашағы: оң тәжірибе және тұрақты даму» атты республикалық семинар-кеңесте айтылды.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Семинар-кеңеске еліміздің 20 шағын қаласының әкімі, бірқатар сала вице-министрлері қатысты. Жиында шағын қалаларды дамыту мәселесі талқыланды. Бұған индустриялық аймақ құру нәтижесінде өнеркәсіптік қуаты, халқының әлеуметтік жағдайы артқан Саран қаласының тәжірибесі үлгі ретінде алынды. Бүгінде 43 мың тұрғыны бар Саран дербес қала статусын иеленді.
Дарын Бұлқайыр, Саран қаласының әкімі:
- Салынып жатқан зауыттардың ашылуы қаланың тұрмыс-тіршілігіне оң серпін беріп жатыр. Ол біріншіден, бюджеттің көбеюі және соның арқасында қаладағы көптеген сұрақтарды жедел шешуі. Алты үлкен зауыттар жұмыс істейді бізде. Оған қарамастан тағы екеуін жыл соңына дейін қосамыз.
Кезіндегі моноқалада қазір автобус, тұрмыстық техника құрастырылып, шина шығарылады. Бір сөзбен айтқанда, бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін біраз жұмыс атқарылған. Қаладағы индустриялды аймақта 6 заманауи кәсіпорын ашылып, оларда 4500 адам еңбек етіп жатыр.
Мирас Жақанов, тұрмыстық техникалар зауытының жұмысшысы:
- Халыққа жақсы, жұмыс орындары ашылады. Өзімізде шыққан өнімдер ол әрқашанда жақсы ғой елдің экономикасына. Халықтың әлеуметтік жағдайы көтеріледі.
Жаңа зауыттарды ашу жұмыссыздықты жойып, ШОБ-тің дамуына және қала инфрақұрылымы мен тұрғын үй құрылысын жаңғыртуға оң серпін берген. Биыл да қала экономикасына 76 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған. Семинар-кеңеске қатысушылар Саран индустриялық аймағындағы кәсіпорындарды аралап, қаланың даму көрсеткіштерімен танысты.
«Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында да индустриялды аймақ салынады. Онда тиімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін мұндай тәжірибе алаңын көзбен көрудің пайдасы зор», - дейді Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев.
Мұрат Бөрібаев, Сәтбаев қаласының әкімі:
- Жақсы бастама. Мына Саран қаласына келіп бірнеше өндіріс кәсіпорындарын көріп жатырмыз. Қазақстанда құрылған жаңа зауыттар өзінің сауда-саттығын дамытып, сол өңірге, қалаға экономикалық жағынан үлесін беріп жатыр. Бұл біздің барлығымызға үлкен бір тәжірибе.
Елімізде мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 27 моноқаланың 7-еуі дамыған дербес қалаға айналды. Оларда ірі өндіріс ошақтары ашылып, экономикасы әртараптанып келеді.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит