Ақтөбеде шағынаудандағы жол жөндеу жұмыстары созылып кетті
Ақтөбедегі оңтүстік-батыс шағынауданының тұрғындары жол құрылысының созылып кеткеніне наразы, деп хабарлайды 24KZ. Былтыр басталған жұмыс әлі аяқталмаған. «Салдарынан көше саз-балшыққа айналды», – дейді олар.
Қаланың оңтүстік-батыс шағынауданындағы көшелер былтыр жөнделе бастаған. Бірақ мердігер ұйымның жұмысы көңіл көншітпейді. «Жаңбыр жауса, жол езіліп, саз-батпаққа айналады», – дейді тұрғындар.
Бұл шағынауданда 22 көше жөнделуі тиіс. Жоба 3 жылға арналған. Жұмыс барысын техникалық қадағалау мамандары мен сарапшылар бақылап отыр. Олардың айтуынша, асфальт жабындысынан алынған сынамалар талапқа сай емес.
Тельман Малаев, жол сапасын қадағалау ұйымының директоры:
- Төселген ірі дәнді асфальт-бетон және ұсақ дәнді асфальт-бетон жамылғысынан алынған керн зертханалық қорытындысы бойынша өзінің сәйкес еместігін анықтап, оны хатпен мердігер ұйымға және тапсырыс берушіге жолдадық.
Мердігер ұйымның жұмысына шенеуніктердің де көңілі толмайды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, жұмыс қарқыны тым баяу.
Әділбек Ахмет, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
- Тайманов көшесінде салынған асфальтта кемшіліктер анықталды. Оның ішінде жол зертханасында тексерістен кейін керндары шықпай қалды. Сонымен қатар техникалық технадзордың тарапынан эмульсияның жоқтығы анықталды және жұмыс қарқыны өте төмен.
Жауптылар: «Мердігер ұйым өкілдеріне қатаң ескерту жасап, жұмыс қарқынын тездетуді тапсырдық», – деп отыр. Сапаға да көңіл бөлуді талап еткен.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Наталья Салькова, Айбек Даутов