Сарапшылар қазіргі қоғамдық басқару мәселелерін талқылады
«Жаңа замандағы қоғамдық басқару: сын-қатерлер мен келешек». Қазір бүкіл әлемді алаңдатып отырған сауал осы.
БҰҰ-ның Даму бағдарламасы әлемнің жетекші сарапшылары мен мемлекеттік басқару саласындағы реформаторларды арнайы жинап, тақырыпты кеңінен талқылады. Шара аясында Астана хаб басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменовтің редакторлығымен жарық көрген «Қазіргі замандағы қоғамдық басқару» атты кітабы жиналған жұрттың жоғары бағасына ие болды.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Пандемия, соғыс, климаттық дағдарыс пен технологиялық өзгерістер – бүгінде әлем елдерінің қоғамдық басқару жүйесі бұрын-соңды болмаған сынақтарға тап болып отыр. Мемлекеттік аппарат қазір тек тәртіп пен ережені орындаушы ғана емес, қоғамға икемделе білетін, жылдам шешім қабылдайтын құрылымға айналуы тиіс. Жаңа шынайылық жағдайында басқарудың қандай үлгілері тиімді, азаматтардың сенімін қалай арттыруға болады? Бұл сұрақтар бүгін Нью-Йоркте өткен халықаралық жиында талқыланды.
Дима Әл-Хатиб, БҰҰ Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастық жөніндегі кеңсесінің директоры:
- Қазіргі дағдарыстар алуантүрлілігімен және бір уақытта болуымен ерекше. Олардан оқшауланып, бұғып қалу қазір ешбір елге мүмкін болмай отыр. Сондықтан ел үкіметі даму процесіне кері әсер етпейтін билік жұмысын ұйымдастыра білуі керек. Және бұл орайда халықаралық тәжірибе алмасу үрдісі мен қолдау таныту аса өзекті болып отыр. Мысалы біздің кеңсе аясында Үндістан қоры Біріккен ұлттар ұйымындағы көмекке мұқтаж елдерге қолдау көрсетіп, мәселелерді шешуіне үлес қосып келе жатыр.
Сондай-ақ сарапшылар қысқа мерзімді әрекет, орта мерзімді жоспарлау және ұзақмерзімді стратегияны үйлестірудің маңызын атап өтті. Бұл жөнінде Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменовтің редакторлығымен жарық көрген «Қазіргі замандағы қоғамдық басқару» атты кітап басты назарда болды. Онда халықаралық деңгейдегі 37 сарапшының білімі мен тәжірибесі жинақталып, басты сын-қатерлерге екпін берілген.
Әлихан Байменов, Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитетінің төрағасы:
- Әлемде қазір популизм белес алып тұр. Осы заманда ұзақмерзімді стратегиялық басымдықтар мен тез жеңістердің арасында тепе-теңдік табу өте маңызды. Адами ресурстарға, мәдениетке, құндылықтарға басымдық беру керек. Сондықтан екінші сынақ – жаңа технологиялар заманындағы жалпыға бірдей ұлтқа қызмет етуге бейімделген мемлекеттік қызметті қалыптастыру. Ал үшінші сынақ – ол бөлінген қаржыны берілген адами ресурсты дұрыс пайдалану үшін басқару деңгейлерінің арасында тепе-теңдік сақтау.
Сондай-ақ Әлихан Байменов әкімшілік капитал ретінде сенімнің маңызын айрықша атап көрсетті. Осы бір қоғамдық құндылық үкіметтің батыл шешім қабылдауына мүмкіндік береді. Ал ол үшін шешімнің өзі ашық әрі түсінікті болуы шарт екенін тілге тиек етті. Шара соңында сарапшылар халықаралық серіктестер арасындағы білім алмасу мен бірлескен бағдарламаларды нығайтуға уағдаласты.
Авторы: Ердана Ержанұлы