Қазақстанда ана өлімі 12% азайды
Елде ана өлімі 12% азайды. «Бұл кейінгі 30 жыл ішіндегі елеулі жетістік», – дейді мамандар. Қазір аталған салада кешенді шаралар қолға алынған.
16 перинатальды орталықта «Бір күндік клиникалар» жұмыс істейді. Оның көмегімен жүкті әйелдер аз уақыт ішінде барлық тексерістен өте алады. Былтыр мұндай орталықтарға сәби күтіп жүрген 100 мыңға жуық әйел жүгінген. Ақ халаттылар сондай-ақ «Фетальдық медицина» жобасы өз тиімділігін көрсеткенін айтады. Бағдарлама аясында 55 жатырішілік операция жасалып, дәрігерлер 86 шақалақтың өмірін сақтап қалды.
Мағрипа Ембергенова, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры:
- Бүгінгі таңда біз үшін ең маңыздысы – аурудың алдын алу. Бала сүюге қабілетті әйелдерді дер кезінде тексеріп, денсаулығын жақсартуға жағдай туғызу. Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі «Аналар саулығы» бағдарламасын бекітті. Бұл бағдарлама әйелдерді барлық қажет тексерістен өткізіп, денсаулығын жақсартуға және жүктілікті жоспарлауға дейінгі шараларды қамтиды. Соның арқасында былтыр балалы болуға дайындалатын қыз-келіншектер қатары 20% артты.