Ақтауда «Каспий самалы-2025» оқу-жаттығу жиыны аяқталды

Ақтауда «Каспий самалы-2025» әскери жаттығу жиыны аяқталды. Оған Қазақстан мен Әзербайжанның 300-ге жуық әскери теңізшісі қатысты. Жаттығу барысында кемелермен бірлескен іс-қимыл жасау, іздестіру-құтқару жұмыстары, әуе шабуылына қарсы қорғаныс, диверсия мен жүзбелі миналарды жою пысықталды.

Қазақстан тарапынан «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» кемелері мен әскери авиация қатысса, Әзербайжаннан бірнеше күзет кемелері тартылды. Ал үздік нәтиже көрсеткен теңізшілерге салтанатты түрде құрмет кубоктары табыс етілді. Оқу-жаттығу жиыны екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Қанат Ниязбеков, ҚР Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары:

- Кешеден бері теңізде оқу-жаттығу өткізіп жатырмыз. 4 эпизод өткіздік. Ертең бірлесіп, ату оқу-жаттығулармен аяқтаймыз. Оқу-жаттығуды екі елдің әскери күштерінің қарым-қатынасын жақсартып, Каспий теңізінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өткізіп жатырмыз.