«Ақжайық» резерватындағы өрт оқшауланды
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында ашық жалын байқалмайды, деп хабарлайды 24kz.
Алайда кейбір учаскелерде түтін әлі де бықсып жатыр. Атырау облысының әкімі осылай деді. Серік Шәпкеновтің айтуынша, қамыстың түбі шала жанып, жел күшейсе, өрт қайта тұтануы мүмкін. Қазір тілсіз жаудың алдын алу үшін ұзындығы 70 шақырымға жуық аумақ жыртылды. Резерват аумағына 150-ге жуық маман мен 40-қа тарта техника жұмылдырылған. Сондай-ақ аумақтық қорғаныс бригадасына қарасты әскери бөлімнен 30 әскери қызметші көмекке келді. Жеке құрам Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, өртті сөндіру жұмыстарын жүргізуде.