Алматыда өрттің бетін қайтарған полицейлер көпшіліктің алғысына бөленді
Алматы облысының тәртіп сақшылары жыл басынан бері 4 адамды ажалдан аман алып қалды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл жәй ғана сандар емес, әрқайсысының артында үлкен тағдыр жатыр. Полиция қызметі – қауіпті әрі жуапкершілігі мол мамандықтың бірі. Жамбыл ауданының патрульдік полиция қызметкерлері, Дінмұхамед Есмағамбет пен Мирас Тастанды осы үдеден шығуға тырысып жүр. Жанармай бекетінің түбінде,лаулай жанған техниканы жылдам сөндіріп, орасан қауіптің бетін қайтарған инспекторлар, жұрттың ықыласына бөленді.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Дәл осы видео әлеуметтік желіде жылдам тарап, тұрғындар тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірген еді. Оқиға 10 мамыр күні Ұзынығаш ауылындағы жанармай бекетінде болған. Адамдар түтіндей бастаған көлікті ептеп шетке жылжытып үлгереді.
Бірақ қызыл жалын күшейген соң ешкім сөндіруге бата алмайды. Сол сәтте патрульдік полиция қызметкерлері түтінді байқап қалып, оқиға орнына жылдам жеткен. Дінмұхамед Есмағамбет пен Мирас Тастанды ойланбастан әрекет еткен.
Дінмұхамед Есмағамбет, Жамбыл аудандық ПБ Патрульдік полиция қызметкері:
- Осы жанармай бекеті жарылып кетеді деп ойладық қой, ең бірінші сондай ой келеді ғой. Мен эвакуция жасап, адамдарды, автокөліктерді кері бұрып, ең бірінші 101-ге хабарластым. Ол кісілер 2-3 минут шамасында жедел келді.
Мирас Тастанды әуелі қызметтік көліктегі өрт сөндіру баллонын қолданады. Оның шамасы келмеген соң жанармай бекетіндегі үлкен баллонды сүйреп алып келіп, тілсіз жаумен күреседі. Мұндайда тез шешім қабылдап, шапшаң қимылдау қажет.
Бұл адамдарға төнген қауіпті сейілтіп, шығынды азайтады. «Осы ой машина жарылса қайтеміз деген үрейді жеңіп әкетті», - дейді тәртіп сақшылары.
Мирас Тастанды, Жамбыл аудандық ПБ Патрульдік полиция қызметкері:
- Ондай қорқыныш болды. Бірақ біз осы қызметті таңдағандықтан ант қабылдадық. Ең бастысы қоғамдық тәртіп пен адамдардың өмірі біздің қызметтегі ең басты міндетіміз – адамдардың өмірін, қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қас-қағым сәтте болған оқиғаны, сақшылардың жедел әрекетін куәгерлер таспалап, әлеуметтік желіге жүктеген.
Мейірбек Мамытов, куәгер:
- Газель өртеніп жатқан кезде енді-енді адамдар жиналып жатыр. Бір қуантатын жері, газель жанармайдан былай сыртқа шығып жанғаны, сол қуантады да бір шетінен. Өйткені жанармайда жанса, енді біраз шығын болады, біраз адам зардап шегуші еді деп ойлаймын.
Тәртіп сақшылары бүгін де Ұзынағаш ауылындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шықты. Олар полицияда 7 жылдан бері жұмыс істейді. Тәртіп бұзғандарды тезге салып қана қоймай, қылмыстың алдын алуға да ден қояды.
Берік Қапасов, Жамбыл аудандық ПБ бастығы:
- Ішкі істер министрлігінің, Полиция департаментінің күнделікті айтып жатқан нұсқауларына сәйкес, бұйрықтарына сәйкес, одан кейін адамгершілік ретінде әрдайым таңертең нұсқаулар беріледі. Болып жатқан оқиғаға тек қана регламентке сай емес және адами тұрғыда, адамға көмек көрсету керек дер кезінде. Ондай жағдайлардың бәрі жүргізіледі, жеткізіледі, жеке құрамға айтылады.
Дінмұхамед пен Мирас жанармай бекетіндегі өртке оранған жүк көлігін сөндіру арқылы адам өмірі мен мүлікті сақтап қалды. Қос полицей қызметтік міндетін де азаматтық борышын да абыроймен орындап, көпшіліктің алғысына бөленді.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев