Шымкентте робототехника бойынша республикалық олимпиада басталды
Шымкент қаласында еліміздің әр өңірінен жиналған дарынды оқушылардың қатысуымен робототехника пәні бойынша республикалық олимпиада басталды.
Іріктеуден өткен 270 бала өздерінің инновациялық жобаларын жұртшылыққа таныстырды. Олимпиадаға қатысушылар тек техникалық қабілеттерін ғана емес, сонымен қатар қоғам мен жаһанға пайдасын тигізетін шешімдер ұсынуға басымдық берді.
Республикалық олимпиада алаңында әр өңірдің үздік деп танылған инновациялық жобалары ұсынылды. Ақтау қаласынан келген Бекнұр Сапи жасанды интелектіні пайдаланып ұшқышсыз ұшу аппаратына енгізілген арнайы бағдарламаны таныстырды. Айтуынша, енді шомылу маусымын адам өліміне жеткізбей өткізуге болады. Яғни әуеден бақылау орнатқан дрондар қауіпсіздік ережесі бұзылса, сол сәтте хабар береді.
Бекнұр Сапи, олимпиада қатысушысы:
- 1-2 жылдың аясында біз жасанды интеллектімізді басқа да бағытта дамыту арқылы оны су тасқыны және әртүрлі өрт кезінде еліміздің құтқару қызметкерлеріне ескертіп, көптеген адамның өмірін сақтап қалуға болады.
Ұлттық байқауға 17 жасқа дейінгі 270 оқушы шақырту алды. Олардың инженерлік ойлау жүйесінен туған тың жобалары әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерді шешуге бағытталған. Олимпиада шарты бойынша болашақтың роботтары адамзат өмірін жақсартуға үлес қосуы керек.
Айару Қалыбек, олимпиада қатысушысы:
- Бұл жерде үздік жобаларды көруге болады. Экология, ғарыш туралы көп жобаларды кездестірдік. Барлығы жоғары деңгейде дайындалған. Біздің жобамыз мүгедектігі бар жандардың өмір сүру сапасын арттырады және олардың құлшынысын арттырып, қиындықтарын шешуге мүмкіндік береді.
Биыл Ұлттық байқаудың төрешілер құрымына халықаралық сарапшылар да тартылды. Малайзиялық маман әлемдік рейтингте топ ондыққа енген қазақстандық оқушылардың мүмкіндігімен танысты. Ол жаңа модель мен ұтқыр бағдарламалық шешімдерді бағалап, үздік команда жасақтауға көмектеседі.
Сабыржан Сәдуақасов, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқармасы төрағасының орынбасары:
- Біздің басты мақсатымыз сапалы жұмысты әлемге шығару. Сол арқылы нәтижені көрсету. Егерде бала жасанды интеллектіні қолданып, белгілі бір мәселені шешу жолын ұсынса және ол тиімді болса, біздің әділ қазылар алқасы оны жоғары бағалайтын болса, ол балалар келесі кезең халықаралыққа өтетін болады.
Республикалық кезең екі күнге жоспарланған. Үздік деп танылған командалар қараша айында халықаралық байқауда бақ сынап, Сингапурда ел намысын қорғайды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы