Құқық қорғау органдары қызметкерлері 4120 метр биіктікке ту тікті

Құқық қорғау органдары қызметкерлері 28 гвардияшы-панфиловшылар шыңын бағындырды, деп хабарлайды 24KZ. Бұл бастама «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету мақсатын көздейді. Бұл спорттық шараға Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері қатысты. Барлығы 9 адам.

Топ Тұйықсу мен Мынжылқы шатқалы, «Альпинград» альпинистік алаңы және Мәншүк Мәметова атындағы асу арқылы жүріп өтті. Олар Іле Алатауы сілемдерінің түйіскен жерінде орналасқан 28 гвардияшы-панфиловшылар шыңына шықты. Оның биіктігі 4120 метр. Топ осы жерге еліміздің Мемлекеттік туы мен «Заң және тәртіп» жалауын тікті.

Айта кетейік, құқық қорғау органдары қызметкерлері мұндай шараларды өткізіп жүрген. Әрине, құрам ауысып отырады. Бұл жолы сапар оңайға соқпаған. Жаңбыр мен бұршақ жауып, тұман басып, қолайсыздықтар болған. Бірақ соған қарамастан топ шыңды бағындырып, сапарын сәтті аяқтады.

Абзал Тұрсын, ҚР СЖҚІА Алматы қаласы бойынша департамент  басқармасының офицері:

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің атынан және басқа да құқық қорғау органдарының әріптестерімен бірге Панфиловшылар шыңына сәтті көтерілдік. Бұл оқиға бұл спорттық шара ғана емес, бұл әділдіктің, заңдылықтың , әділдіктің шыңына ұмтылыс деп білсек болады. Осы орайда шыңға көтерілу бірнеше құқық қорғау органдарының өзара ынтымақтастықты және бірлікті нығайтады.