Алтын нарығы құбылып тұр

Жаһандағы алтын құны құбылып тұр. Геосаяси ахуал реттелмесе, бағалы металл унциясы 3,5 мың долларға жетуі мүмкін.

Иран-Израиль қақтығысы басталғалы баға 3 435 доллардан асты. Қазір сәл төмендеген. Бағалы металл құнының құбылу біздегі нарыққа қалай әсер етті? 

Алтынның құны артқан сайын қадірі түспейді. Астана тұрғыны Айзат Серікқызы зергерлік бұйымдар дүкеніне жиі келетінін айтады. Бүгін де бағалы әшекейлерден көз ала алмай тұр. Жарасымды жиынтық еліктіріп барады, тек баға бұрынғыдай емес.

Айзат Серікқызы, қала тұрғыны:

- Көктемде келген кезде 36 мың болатын, қазіргі бағасы 40 мың деп тұр. Осы шипы коллекциясын көріп кеткен болатынмын. Бүгін алам ба деген ойым болып тұр. Қазір алмаса, одан сайын қымбаттай берсе, бағаны қуып жетпейміз ғой. Сондықтан арзан кезінде алып қалу керек деп ойлаймын.

Жазды той маусымы деп білеміз, демек елдегі алтын бұйымдар нарығы қыза түсері заңды. Дегенмен кәсіпкерлер өнімге сұраныстың уақыт талғамай, тіпті бағаға қарамай, артып жатқанын айтады. Өйткені көпшілік үшін бұл - инвестиция көзі. Ал қазіргі жаһандағы қақтығыстар алтын құнын арттырып жіберді.

Жания Асылова, кәсіпкер:

- Алтын бағасы өте қатты шарықтап кетті. Нарықтағы бағасының өзі қазір - 55 мың. Унция бағасы 59-60 мыңға дейін барады. Бір жылдың ішіндегі стастистиканы алып қарайтын болсақ, ол шамамен 28-30 пайызға өсіп кетті. Өткен жылмен салыстырсақ, 27-30 мың теңгеге грамына алтын алуға болатын. Биыл 40 мың-45 мың болып тұр. 50 мыңға дейні өсті. Әр келген сайын алтын бағасы 200-300 тг қымбаттап, түсіп болмаса, көтеріліп тұрады баға.

Бұл пікірді сарапшылар да жоққа шығармайды. Бағаның құбылуына түрлі фактор әсер етеді.

Арман Бейсембаев, тәуелсіз қаржылық сарапшы:

- Баға өскеннен кейін қайта түсуі де заңды. Мұнды техникалық түзету деп айтуға болады. Қазір жаһандағы ахуалды болжау қиын. АҚШ-тың Иранға қарым-қатынасы, мұның бәрі алтын нарығына әсер етеді. Баға 3,5 мың долларға жетуі де мүмкін.

Қалай дегенмен де алтын бұйымдар саудасы тоқтамайды.

Жанат Бағжанова, жеке кәсіпкер:

- Сіздің алтыныңызды біз ломбардтың бағасымен аламыз. 89 700 тг шығып тұр. Тиімді сауда болады. Бұрын арзан бағада алсаңыз, қазір қымбат бағада сата аласыз. Біз мұны сатпаймыз. Зауытқа алып кетіп, өңдеп шығарады.

Өңдеу демекші, үш жылда 780 млрд теңге болатын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылады, яғни алтын өндірісі өркендейді. Бұл нарықтағы отандық зергерлік бұйымдардың үлесін арттырады дейді мамандар. Баға да тұтынушылар үшін қолайлы болары анық.

Мерей Мұратханқызы, Ырыстанбек Оспанов