Ақтөбеде «Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жиыны басталды
Ақтөбеде «Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жиыны басталды, деп хабарлайды 24KZ. Шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Биыл жиынға еліміздің өңірлерінен және бес шет мемлекеттен 700-ден астам жасөспірім қатысып жатыр.
«Айбын-2025» әскери-патриоттық жиынына 50-ден астам команда жиналды. Қатысушылар үшін Әуе қорғаныс күштері әскери институтының полигонында үлкен шатырлы лагерь тігілді. Биылғы жиынға еліміздің өңірлерінен бөлек, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзербайжан және Өзбекстаннан келген командалар қатысып жатыр.
Тимофей Жариков, жиынға қатысушы:
- Біз жарыстарға қатысып, өзге елдердің қатысушыларымен танысуға, достар табуға, жақсы уақыт өткізіп, ең бастысы өз елімізді лайықты түрде таныту үшін келдік.
Қатысушылардың айтуынша, әскери-патриоттық жиын жай ғана жарыс емес. Мұнда жастар тәртіпке үйреніп, топпен жұмыс істеуді меңгереді. Бұл жерде физикалық дайындықтан бөлек, тапқырлық пен шығармашылық қабілет сыналады.
Әмірхан Ысқақ, жиынға қатысушы:
- Мен кермеде тартылу және арқан тарту, кросс, сосын биге қатысамын. Қарсыластарымыз өте мықты көрінеді, бәрі жақсы. Ұтамыз деп ойлаймыз.
Қатысушылар пневматикалық мылтықпен ату, робототехника байқауы, интеллектуалдық ойындар сияқты сындарда өз шеберліктерін көрсетіп жатыр.
Мейірбек Меңдіғалиев, «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы:
- Бұл додада бүгін пневматикалық атудан сайыстар өтіп жатыр. Сонымен қатар бүгін «Айбын дарыны» деген зияткерлік ойыны өтіп жатыр және бүгін «Смарт сарбаз» робототехника сайысы өтеді. Біздің жастар жақсы дайындалып келген екен.
Биыл әскери-патриоттық жиын 11-ші рет өтіп отыр. Осы уақыт аралығында оған 10 мыңнан астам жасөспірім қатысты. Жиын қорытындысы маусымның 28-і күні жарияланады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков