Жетісуда жүк және жолаушылар әуежайы салынады

Жетісу облысында халықаралық жүк және жолаушылар әуежайы салынады, деп хабарлайды 24kz.

Бұл жобаны Үкімет, Президент тапсырмасы бойынша неміс инвесторларымен бірлесіп жүзеге асыруға ниетті. Бүгін Премьер-министр, «Skyhansa» компаниясының негізін қалаушы, доктор Кристин Грётцбахпен кезесіп, құрылыс мәселелерін талқылады. Олжас Бектенов: «Аталған жоба инфрақұрылымды дамытуға серпін береді және Қазақстанның Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтады», - деді. Кездесу соңында Көлік министрлігі мен «Skyhansa» арасында Инвестициялар туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа сәйкес инвесторлар авиациялық нысанның құрылысын жүргізіп, отандық материалдар мен қызметтерді пайдалануға тиіс. Сондай-ақ қызметкерлердің кемінде 90%-і Қазақстан азаматы болуы міндетті.

Кристин Грётцбах, Skyhansa компаниясының негізін қалаушы

- Біз жай ғана әуежай емес, халықаралық деңгейдегі дамыған инфрақұрылымы: жүк және жолаушылар терминалдары, жанармай құю кешені, әуе кемелеріне авиациялық-техникалық қызмет көрсету орталығы (MRO), бизнес орталығы, мультимодалды логистикалық мүмкіндіктерге арналған қонақ үйлері бар көпфункционалды өңірлік хаб құрып жатырмыз.