«Келешек мектептері»: Маңғыстауда 3 білім ордасы пайдалануға берілді

Маңғыстауда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 3 білім ордасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24kz.

Олардың ең алғашқысы Ақтау қаласында ашылды. №33 жалпы білім беретін мектепте бүгінде 1200-ден астам бала оқиды. Заманауи үлгідегі білім ұясының оқу кабинеттері пәндерге лайықталып жабдықталған. Мұнда электронды кітапхана, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін инклюзивті сыныптар ашылған. Оларда логопед-дефектолог мамандар дәріс өткізеді. Ерекше атап өтейік, бұл мектеп ашылған соң қаладағы бірнеше білім беру мекемесіндегі жүктеме айтарлықтай азайған.

Бексұлтан Майрамов, №33 жалпы білім беретін мектептің директоры:

- №19 мектеп-гимназиясының жүктемесін азайтты. Яғни, ол жерде 3500 бала оқып жатса, қазір мыңға жуық баласы біздің мектебімізде оқып жатыр. Ол мектеп екі ауысымға өтті. Мектебіміздің әлі де болса оқушыларды қабылдау мүмкіндігі жоғары. Мектебіміз ашылған уақыттағы ең алғашқы сынақтар нәтижесінде біздің білім сапамыз 42%-ті көрсетсе, кешегі оқу жылын 56% сапапен аяқтадық.