Алматыда төрт зәулім ғимарат мемлекет меншігіне қайтарылды
Алматыда төрт ірі нысан мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды 24kz.
Ғимараттың үшеуі жоғары оқу орнына, біреуі Білім басқармасының қарамағына берілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі «Заң мен тәртіп» апталығы аясында баспасөз турын ұйымдастырып, журналистерге зәулім ғимараттарды көрсетті. 2022 жылдан бері агенттік құны 1 триллион 152 миллиард теңгеден астам мүлік активтері мен ақшалай қаражатты мемлекет меншігіне қайтарды.
Тау етегінде орналасқан бұл сәулеті келіскен әсем ғимарат жеке адамның иелегінде болған. Заңсыз иемденілген актив ретінде 2023 жылдың соңында мемлекетке қайтарылған. Жер телімі, зәулім үйлер, қымбат дүние-мүлкімен қоса Алматы қаласы Білім басқармасына берілді. Әзірге оның құны туралы ақпарат жоқ. Бірақ бұған аз қаражат жұмсалмағандығы көрер көзге көрініп тұр. Енді бұған «Алматы дарыны» орталығы ие.
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- Мемлекет есебіне қайтарылған нысанның бірі осы. Жер көлемі – 12,5 гектар. Басты ғимараттың аумағы – 4,5 мың шаршы метр. Оған қоса, бөренеден соғылған 8 үй бар. Тіпті тікұшақ қонатын алаңға дейін жасалған. Енді бұл жерде жыл бойы жұмыс істейтін балаларға арналған демалыс лагері болады. Мұнда жылына 55 мың оқушы демалады.
Алдымен нысан түгелдей балаларға лайықталып қайта жасалады және жабдықталады. Бассейн, жылыжай, ойын алаңы салынады. Оқушылар жазғы каникулда ғана емес, күзгі, қысқы, көктемгі демалыс кезінде осында келіп тыныға алады.
Майра Белгібаева, «Алматы дарыны» орталығы директорының орынбасары:
- Одан басқа, олимпиада, ғылыми жобалардың және конкурстардың жеңімпаздары, шығармашылық бағыттағы конкурстардың жеңімпаздары осы біздің жыл бойы жұмыс істейтін лагерьде, УТС дейміз, оқу жиындарына қатысатын болады. Тек қана Алматы қаласының балаларымен шектеліп қоймай, республикалық деңгейдегі балаларды қамтысақ деген жоспарларымыз бар.
Қала орталығындағы мына бизнес орталық та халық игілігіне қайтарылды. Мұнда География және су қауіпсіздігі институты жайғасты. Атап айтқанда, көп қабатты ыңғайлы зертхана, жұмыс кабинеттері орналасқан. Ал, құны 8 млрд теңге мына ғимарат Қазақ ұлттық ұыздар педагогикалық университетінің иелегіне өтті. Қайтарылған тағы бір нысанда Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері оқитын болды. Оның құны 800 млн теңге.
Қанат Сәлімбаев, Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті привенция басқармасының басшысы:
- 2022 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 1 трлн-нан астам заңсыз шығарылған активтерді қайтарды. Оның ішінде 330 млрд теңгедей ақшалай бюджетке түсті. Сонымен қатар халықаралық біздің әріптестермен бірге оның ішінде интерполмен 670 млн АҚШ доллары ақшалай қайтарылды. Барлық ақшалар әлеуметтік салаға жұмсалады. Бүгінгі таңда 61 мектеп салынып, биыл қосымша 28 мектеп салынады.
Қайтарылған активтердің қатарында коммерциялық нысандардан бөлек әкімшілік ғимараттар мен пәтерлер де бар. Құрылысы бітпеген нысандар мен жер телімдері, люкс санаттағы автокөліктер де мемлекет меншігіне өтті.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев