Алматыда «Болашақ ұрпақ үшін қауіпсіз жол» конференциясы өтті

Жол апаттарын болдырмаудың тиімді жолдарын қарастырып, халықаралық ынтымақтастықты нығайту керек. Бұл туралы «Болашақ ұрпақ үшін қауіпсіз жол» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Алқалы жиын Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясында өтті. Оған елдегі жетекші көлік жоғары оқу орындарының оқытушылары мен сарапшылары, күштік құрылым өкілдері, шетелдік сала мамандары келді.

Қатысушылардың айтуынша, жол-көлік оқиғасына сараптама жасағаннан гөрі алдын алу шараларына баса мән беру керек. Оған автомектептерден бастап оқу орны, полиция, жол салушылар бірігіп атсалысқан абзал.

Шәмсігүл Қобдықова, ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясының оқытушысы:

- Біз бұрын жол-көлік оқиғаларын талдау, бұрынғы болып кеткен жол-көлік оқиғаларының сандарын алып талдайтынбыз. Қазіргі заманға сәйкес алдын ала жобалау керек болып тұр. Өйткені біз енгізген іс-шараларымыздың барлығы жол-көлік оқиғаларын автомобиль жолдарында және көше жол тораптарында қаншалықты азайтатынын болжаумен шұғылдануымыз керек.