Ақтөбе облысында XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жиыны аяқталды

Ауқымды шара Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналды, деп хабарлайды 24kz.

Жарыс Талғат Бигелдинов атындағы әскери институттың «Айбын» оқу-жаттығу орталығында өтті. Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов салтанатты рәсімде жиын жеңімпаздарын марапаттады. Өңірлік категория бойынша Абай облысының «Абай қырандары» әскери-патриоттық клубы топ жарды.

Дәурен Қосанов, ҚР Қорғаныс министрі:

- Жас патриоттар бүгін XI «Айбын» әскери патриоттық жастар жиыны өз мәресіне жетті. Жиын жылдан жылға өз ауқымын кеңейтуде. Оған дәлел дәстүрлі жиынға Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан командалары қатысып, оны халықаралық форматқа өткізу болып табылады.

Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен жиналған командалар бір апта бойы зияткерлік, шығармашылық және әскери-қолданбалы сайыстарда бақ сынады. Шараға Қытай делегациясы бақылаушы ретінде қатысты. Жарыс соңында жеңімпаз командалар мен қатысушыларға естелік сыйлықтар мен марапаттар табысталды.

Мирас Искаков, Абай облысы «Жасұлан» ерлер мектеп-лицейі құрамасының мүшесі:

- Бізде осы жолы өте көп дайындық болды. Өзіміз бір ай дайындалып, осы жетістікке жетіп отырмыз. Осы жеңісті біз Абайдың 180 жылдығына және лицейіміздің 30 жылдығына арнаймыз.

Бексан Арыстанбаев, Ақтөбе облысының «Жаубасар» құрамасының мүшесі:

- «Айбын» халықаралық жастар жиынында біз командамен бірінші орын иелендік. Бұл бірінші орын бізге жайдан жай келген жоқ. Біз бұл орынды маңдай термен, жаттығулармен, өзімізді пысықтап, осындай жетістіктерге жеттік. Ағайларымызға да рақмет айтқым келеді. Өйткені олар бізді қайсарлыққа, жігерлікке үйретті. Көптеген кеңестер берді.