Қызылордада 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Қызылорда қаласында 60 отбасы қоныс тойын тойлады, деп хабарлайды 24kz.

Жаңа тұрғын үй Сырдарияның сол жағалауындағы ықшам ауданнан бой көтерді. Пәтер кілтін табыстау салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.

Бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй арендалық мақсатта салынған. Жаңа баспананың кілті ұзақ уақыттан бері үй кезегіне тіркелген жандарға берілді. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар да бар. «Сол жағалаудағы ықшам аудандар құрылысы қарқынды жалғасады», - деді облыс әкімі салтанатты шарада. 

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Сол жағалауда осыдан 3-4 жыл бұрын 20-30 көпқабатты үй, жеке мектеп, балабақша, бір кішігірім музей, басқа ештеңе жоқ болатын. Соңғы үш жылда Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен 100-ге тарта көпқабатты үйлер, бірнеше әлеуметтік нысандар бой көтерді. Оның көпшілігі бюджеттен тыс көздерден жүзеге асырылды. Биыл жалпы жаңа тұрғын үйлер салуға, сатып алуға мемлекеттен 50 миллиард теңгеге жуық бюджеттен қаражат бөлінуде.

Айнұр Мұратова көпбалалы ана. Ол үй кезегіне 18 жыл бұрын тіркелген. Бүгін оған жаңа пәтердің кілті табысталды.

Айнұр Мұратова, қала тұрғыны:

- Сол жағалау үлкен қарқын алып салынып жатқан мөлтек аудандар, әртүрлі әлеуметтік нысандар осы сол жағалаудан үй алуды армандаған едік. Міне, бүгін сол күнге қол жетіп, кілт алып тұрмыз. 

Соңғы үш жылда өңірде 2 миллион 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Биыл 2765 пәтердің құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев