Түркістан облысында үш жылда 91 балық шаруашылығы ашылды
Түркістан облысында соңғы 3 жылда 91 балық шаруашылығы ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Биыл тауарлы балық өсіретін 30 жаңа шаруашылық іске қосылды. Су маржандарын өндірушілерге мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі? Алдағы меже қандай?
Жандос Жұмабек, тілші:
- Сайрам ауданындағы тауарлы балық өсіретін мына шаруашылық 2017 жылы құрылған. Мұнда шабақ салатын 14, ал тауарлы балық өсіретін 17 көл бар. Онда негізінен карп тұқымдас; сазан, тұқы, дөңмайдай, ақамур өсіріледі. Шаруашылық шабақты өздері өндіреді. Уылдырық шығаратын цехтарда жылына 1,5 млн шабақ өндіріледі.
Бақытбек Төрегелдиев, балық шаруашылығының төрағасы:
- Тағы да шабақтарды өсіретін бос жерлеріміз бар. Ол жерлерге де жаңадан көлдер ашып жатырмыз. Биыл ерте көктемде судактың тұқымдарында шығардық. Шамамен 200 мыңдай шабақ шығардық. Оны келесі жылы да дамытуға әрекет жасап жатырмыз.
Ал Түлкібас ауданындағы Құлан су қоймасындағы балық шаруашылығы жұмысын 5 жыл бұрын бастаған. Бастапқыда су айдынына сазан, ақамур және дөңмаңдайдың 3 млн-ға жуық уылдырығы жіберілген. Ал су бетіндегі торда форельдің 50 мыңға жуық шабағы өсіріледі. Шаруашылық былтыр көлден 200 тонна балық аулаған.
Түркістан облысында қолдан жасалған тоғандарды қоспағанда жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Онда 200-ге жуық кәсіпкерлік мекеме тауарлы балық өсірумен айналысады. Үкіметтің балық шаруашылығын дамытудың бағдарламасына сәйкесс өңірде 2030 жылға дейін 20 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Одан бөлек балық жемінің 30%-ін ал шабағы мен аналығын сатып алуға кеткен шығынның 25%-ін мемлекет өтеп береді. Ал облыстағы жауаптылар балық өсірем деушілер үшін арнайы семинарлар өткізіп, тәжірибе алмасудың маңызды екенін айтады.
Қайрат Әбдуалиев, Табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Арнайы өздерінің чаттарын ашып, жиындары мен кездесулерін көбейту арқылы ғалымдармен үйлестіріп, осындай семинарлар өткізу арқылы шаруалардың алдағы атқаратын жұмыстарына жәрдем беру. Үкіметтің бағдарламасына сәйкес бізге 20 мың тонна, біз 30 мың тоннаға шықсақ, экспортқа да шығауға мүмкіндік туады.
Қазір Шардара ауданында балықты терең өңдейтін бес зауыт бар. Олар былтыр 6 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 85%-ін экспортқа шығарды. Биылда сол шамада балық өнімін экспорттауды көздейді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов