Астанада қала күніне орай дәстүрлі «Толағай» алыптар сайысы өтеді
Астана күніне арналған мерекелік шаралар аясында 6 шілде күні елорда іргесіндегі «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінің ашық алаңында дәстүрлі республикалық «Толағай» алыптар сайысы өтеді.
Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Ұлы даланың батырлық бейнесін насихаттап, қазақтың этноойындарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылатын бұл додаға еліміздің әр өңірінен арнайы іріктелген спортшылар қатысады.
Турнир барысында батырлар жеті түрлі сыннан өтеді. Олардың арасында салмағы 100 келілік серкені көтеру, 150 келі тартатын бөренені желкеге салып отырып-тұру, шамамен 1 тонна жүк артылған арбаны уақытқа сүйреу, қылышты шыдамдылыққа көтеру, 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, ауыр салмақтағы гір тасын көтеру және ұзындығы 1,5 метр болатын темірді мойынға салып иіп майыстыру сынды ерекше сайыс түрлері бар.
«Аталған сайысты Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорда төрінде үшінші мәрте өткізгелі отырмыз. Жарыстың ашылу салтанаты 6 шілде күні сағат 16:00-де басталады. Барша ұлттық спорт жанашырлары мен қала тұрғындарын осы дүбірлі додаға келіп, алыптарға қолдау көрсетуге шақырамыз. Көрермендер үшін кіру тегін», - дейді жобаның авторы әрі ұйымдастырушысы Тимур Спатаев.