Павлодарда энергетик сусын ішкен жігіттің жүрегі сыр берді
Павлодарда энергетикалық сусынды шамадан тыс тұтынған 20 жастағы бозбаланың жүрегі сыр берді, деп хабарлайды 24kz.
Кардиологиялық орталықтың мамандары мұндай диагноз әдетте егде жастағы адамдарда кездесетінін айтады.
Дәрігерлер жастар арасында жүрек-қан тамырлары ауруларының көбейіп бара жатқанына алаңдап отыр. Олар себепші фактордың бірі дәл осы құтыдағы қуат беретін қауіпті сусындар екенін айтады.
Энергетикалық сусынды шамадан тыс тұтынған адамның денсаулығына қатысты алғашқы белгілері: ентігу, жүрек қағысының жиілеуі, асқа тәбеттің жоғалуы. Осындай шағыммен дәрігерге жүгінген 20 жастағы бозбала күніне 4 құты энергетик ішіп келген. Бұл әдеті екі жылға жалғасқан. Қазір ол дәрігерлердің қатаң бақылауында.
Сандуғаш Кіркімбаева, кардиолог дәрігер:
- Шұғыл түрде консилиум өткіздік. Науқасқа қажетті ем-шаралар жансақтау бөлімінде жүргізілді. Жүректің жасанды сол жақ қарыншасы қойылып, жіті бақылауға алынды. Қазір Астанадағы мамандарға да қаралып тұрады.
Айта кетейік, Қазақстанда кәмелет жасқа толмағандарға энергетик сусындар сатыға тыйым салынған. Дәрігерлердің айтуынша, энергетикке әуес жастар арасында медициналық көмекке жүгінетіндер саны артып келеді. Мамандар бұл сусындардың жүрек-қан тамырларына ғана емес, жүйке жүйесіне де кері әсер ететінін ескертеді.
Айнұр Шүкімбаева, кардиолог дәрігер:
- Әсіресе, тұқымында жүрек аурулары бар адамдар абай болғаны жөн. Өйткені энергетикалық сусынды көп тұтынған кезде ауру ушығып кетеді. Өткір коронарлық синдром немесе инфаркт миокардаға дейін алып келеді
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Жастардың энергетикалық сусындарға тәуелділілі алаңдаушылығын тудырып отыр. Зияны ғылыми дәлелденген бұл өнімдердің сатылымына шектеу қою мәселесі қоғамда жиі көтеріледі. Мамандар, әсіресе, кәмелетке толмағандарға энергетик сатуға тыйым салу қажет деп есептейді. «Сергектікті жасанды жолмен емес, спортпен айналысып, дұрыс ұйқы мен салауатты өмір салты арқылы қалыптастыруға болады», - дейді олар.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков