Қаныш Сәтбаевтың туған ауылында мешіт ашылды

Қазақ ғылымының алып тұлғасы, тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған ауылында жаңа мешіт ашылды. Павлодар облысы Баянауыл ауданына қарасты Мұса Шорман ауылында бой көтерген бұл рухани ордаға Қаныштың азан шақырып қойылған есімі берілді. «Қаныш-Ата Ғабдул-Ғани» мешітінің құрылысына «Қазақмыс» корпорациясы қолдау көрсетіп, 57,2 миллион теңге көлемінде қаржы бөлді.

Қаныш Сәтбаевтың кіндік қаны тамған Мұса Шорман ауылында бой көтерген жаңа мешітті ауыл халқы көптен күткен еді. Демеушілердің қолдауымен тұрғызылған имандылық ордасы барлық заманауи талаптарға сай келеді.

Абзал Бақбаев, жоба жетекшісі:

- Осындай жобаларды жасау үшін үлкен қаражат керек. Сол қаражатты бізге беріп, сол ойымызды жүзеге асыруға көмектескен, халқымыздың өрлеуіне, мәдениеттің дамуына үлесін қосып жүрген «Қазақмыс» корпорациясына үлкен алғысымызды білдіреміз және де академик Қаныш Сәтбаев қорына үлкен алғыс айтамыз.

Мешіт 100 адамға арналған. 15 метрлік мұнарасы алыстан көз тартады. Ерлер мен әйелдер үшін бөлек намаз залдары қарастырылған. Ішкі жағында салқындатқыш құрылғы мен Wi-Fi орнатылып, жылытқыш жүйе заманауи бу тамшылататын батареялармен жабдықталған.

Мейіржан Көкенов, Мұса Шорман ауылының тұрғыны:

- Жастар жағы осы имандылыққа бет бұрып жатыр. Яғни жастардың тәртібі, ары қарай өмір сүруі, өмірге көзқарасы өте жоғары деңгейде болады деген сөз.

Жоба «Қазақмыс» компаниялар тобының қолдауымен жүзеге асты. Корпорация халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген бастамаларға демеушілік жасап келеді.

Асылбек Баяхметов, «Қазақмыс» корпорациясының GR менеджері:

- Қаныш Сәтбаевтың есімі тек біздің корпорациямыз үшін емес, бүкіл Қазақстан үшін ерекше мәнге ие. Ол геологиялық барлау мен металлургия саласының дамуына зор үлес қосты.

Мешіттің ашылуына орай ауылда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Жаңа мешіт ауылдың рухани жаңғыру жолындағы үлкен қадамға айналары сөзсіз.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев