QALA FEST: Астанада кітаптар мен экосана фестивалі өтті

Астана күніне орай бас шаһарда QALA FEST мерекелік іс-шарасы да ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары Жетісу саябағындағы кітап жәрмеңкесіне қатысып, оқыған шығармаларын қазақтың классикалық әдебиетіне айырбастады.

Қалалық әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған хабарламаны көріп, үйдегі кітаптарды арқалап әкелгендер аз емес. Осылайша кітапсүйер қауым оқылған әдебиетті жаңасына алмастыру мүмкіндігіне ие болды. Солардың бірі – мектеп оқушысы Арман Бақтығали. Ол үйден әкелген 10 кітабын классикалық әдебиетке ауыстырып алды.

Арман Бақытғали, қала тұрғыны:

- Көбінесе қазақ кітаптарын алдым. Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин, Бейімбет Майлин, Бауыржан Момышұлы. Қазақ классикасы.

Арайлым Сапарәлі, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы:

- Таратылған соң белгіленген су жаңа дүниелер берілуі тиіс. Сол мақсатта бүгін 500-ден астам кітап таратылады. Яғни бір кітап әкелсеңіз, бір кітапқа ауыстыра аласыз. Қала тұрғындары алып келген кітаптарды да біз қазір шығарамыз, сол бойынша алмасу жүйесі жалғасады.

Сондай-ақ QALA FEST аясында экологиялық жәрмеңке өтті. Пластик құтыларды тапсырған жандарға арнайы сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар бұны экологиялық сананы қалыптастырудың амалы деп біледі. Игілікті іске мектеп жасындағы еріктілер де жұмылған.

Жанерке Дастанқызы, волонтёр:

- Құрбымның осы жақта жұмыс істеп келе жатқанына екі айдай болды. Мен негізі өзім Таразданмын. Астанаға волонтерлікке қатысуға келдім және маған өте қатты ұнап жатыр.

Жетісу саябағының демалушыларына әзірленген тағы бір керемет сый бар. Ол еліміздің әйлігі әртістері ұсынатын мерекелік концерт.

Айта кетейік, Астана күніне орай алдағы күндері де қала саябақтарында түрлі мерелік іс-шара өтеді.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ғалымжан Әбілахат