Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскеріне 25 жыл толды

Бүгін Десанттық-шабуылдау әскері де құрылған күн.

Биыл осы әскери құраманың құрылғанына ширек ғасыр толып отыр. 2000 жылдың 6 шілдесінде Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған бөлім алғашында Мобильді күштер деп аталды. Ал 2017 жылдан бері десанттық-шабуылдау әскері ретінде дамып келеді. Қонаев қаласында орналасқан 35-десанттық бригада – десанттық-шабуылдау әскерінің ең ірі әрі негізгі әскери бөлімі. Мерейтойға орай ұйымдастырылған салтанатты шарада парашютпен секіру, жауынгерлік тәсілдер мен қару-жарақты қолдану әдістері көрсетілді. Сонымен қатар әскери оркестр мен шығармашылық ұжымдардың концерті өтті. Қазір әскер құрамында 13 бөлім, 9 мыңнан аса сарбаз бар. Олар бейбіт миссияларға қатысып қана қоймай, шекара шебінде ел тыныштығын күзетіп жүр.

Раджан Жанысов, ҚР Қарулы Күштерінің десанттық-шабуылдау әскері қолбасшысының орынбасары:

- Бүгінде десанттық-шабуылдау әскерінде жаңа бөлімдер құрылды. Атап айтқанда, ұшқышсыз ұшу апараттары бөлімі, радиоэлектронды күрес бөлімдері бар. Сондай-ақ десанттық бөлімдер өзге мемлекеттермен бірлескен жаттығуларды жиі өткізеді. Ортақ оқу-жаттығулары тәжірибе алмасу үшін тиімді деп ойлаймын.