Ақтөбе облысында 10 мыңнан астам оқушы лагерьде тегін демалады

Ақтөбе облысында 170 мыңнан астам оқушы лагерьге барады. Әсіресе, әлеуметтік осал топқа жататын отбасы балаларын барынша қамтуға маңыз беріледі, деп хабарлайды 24kz.

Биыл қала сыртындағы лагерьлерде 10 мың бала тегін демалады.

Жаз басталғалы жас натуралистер станциясын мыңнан аса жеткіншек қызықтап қайтқан. Мұнда негізінен мектеп жанындағы лагерде, жазғы алаңдарда демалыстарын өткізіп жатқан балалар келеді. Дендробақта олар өсімдік, жануарлар әлемімен жақын танысып, экологиялық білімдерін толықтырады.

Жәния Баймаханова, Жас натуралистер станциясының педагогы:

- Мақсатымыз – оқушыларға экологиялық тәрбие беру. Яғни, табиғатты аялауға қорғауға, оларды күтіп-баптап ұстауды, сол туралы мәлімет беріп, жануарларды қорғап, аялап, күтіп ұстап, оларды тамақтандырып үйретуге баулимыз.

Айзада Мақсат, оқушы:

- Біз бүгін жануарларды көрдік, тасбақа, қоянды және де бүркітті. Табиғатымызды аялау керек. Қоқыстарды тастамай жүру керек.

Ал қала сыртындағы мынау лагерьде жаз мезгілінде 1740 бала демалады. Күн сайынғы мәдени, спорттық шаралар нақты уақытымен белгіленіп қойылған. Бір мезгіл бассейнге түсіп, этноауылда ұлттық салт-дәстүрмен жақын танысады.

Эльмира Құлтаева, лагерь басшысы:

- Балалардың 80%-і бізде жергілікті бюджеттен «Жаздық жолдама-2025» жолдамасы бойынша демалып жатыр. Ол енді бізде аз қамтылған, көпбалалы отбасыдан қамтылған. Бізде жоспар бойынша «Жаз-2025 жоспары бойынша біртұтас тәрбие бағытында бізде көбінесе ұлттық тәрбиеге көп көңіл бөлеміз.

Биыл жазда өңірде 7 қала сыртындағы, 699 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді. Оның сыртында балалардың демалысын ұйымдастыратын 49 жазғы алаң бар. Барлық жерде бірінші кезекте оқушылардың қауіпсіздігіне аса мән беріледі.

Бұлбұл Күзембаева, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Қала сыртындағы лагерьлердің дайындығы бірнеше мәрте тексерілді. Ол балалардың қауіпсіздігі сақтала ма, сақталмай ма және сол лагерьлердің қызметкерлері бірнеше мәрте оқулардан өткізілді. Семинарлар ұйымдастырылды. Және оларға нұсқаулықтар жүргізілді.

Демалыс күндері білім дағдысын жетілдіргісі келетіндерге бірнеше жоба қарастырылған. Мысалы экологиялық бағыттан бөлек, дарынды балаларға арналған кәсіптік бағдар беретін лагерьлер де жұмыс істейді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков