Тобыл тұрғыны күн көзінен электр қуатын өндіріп, табыс тауып отыр

Тобыл қаласының тұрғыны күн сәулесінен энергия өндіріп, артылғанын сыртқа сатады, деп хабарлайды 24kz.

Ол өңірдегі алғашқы нетто-тұтыншуы, яғни, баламалы энергия қуатын кәсіп көзіне айналдырған жеке тұлға. Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибе кеңінен қолданысқа енсе, Қостанай облысында электр тоғына тапшылық азаяды.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Тобыл қаласының тұрғыны Вадим Заболотько салып жатқан үйінің шатырына 9 күн панелін орнатып қойған. Табиғи қуат көзін тұрмыстық қажетіне пайдаланып, қалғанын қалалық электр желісіне өткізеді. Осы айда оның күн панелі сағатына 690 кВт тоқ өндірген. Артылғанын сатқаннан 30 мың теңгеге жуық пайда тауыпты.

Вадим Заболотько, Тобыл қаласының тұрғыны:

- 12 жыл бұрын өзім үшін осындай панельдің біреуін пәтеріме орнатып көрген едім. Ал жер үйге тіптен керек нәрсе, үнемді, электр энергиясына тәуелділікті азайтады, экологияға зияны жоқ әрі қалаға да пайдам тиеді.

Вадимнің бастамасына жұбайы Александра үнемі қолдау білдіреді. «Балаламалы электр қуатының қай жағынан да тиімділігін көріп отырмыз», - дейді ол.

Александра Заболотько, Тобыл қаласының тұрғыны:

- Қосымша қуат көзі жарық өшіп қалған жағдайда тұрмысты да, жұмысты да тұралатпайды. Сонысымен ыңғайлы. Ең бастысы, отбасы бюджетіне үлкен үнем.

Мамандарда осындай нетто-тұтынушылардың көбейгенін қалайды. «Қазіргі кезде туындап отырған электр қуаты тапшылығын азайтар еді», - дейді. Қостанай облысы жыл сайын сағатына  һ4 млрд кВт тұтынады. Соның 23%-і ғана өзімізде өндіріледі. Осы тапшылықтың орынын толтыру үшін бірнеше жел генераторларын орнатып, күн және газ поршеньді электр станцияларын салу жоспарланып отыр.

Азамат Сабыржан, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Көптеген жобалар салынып жатыр. Kia зауыты, басқа да зауыттар. Әрине, осы зауыттардың тұтыну көлемі де ұлғайып жатыр, сол себепті барлық жел электр станциялары салынса, 10 есе тұтыну көлемінен электр өндірілетін болады. Облыстың барлық тұтыну көлемін жабады.

Ал нетто-тұтынушы Вадим Заболотько мұнымен шектеліп қалмақ емес. Күн панельдерінің санын көбейтіп, электр қуаты өндірісін арттыруды мақсат етіп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг