Оралдағы «Ақжайық» шағын ауданында 80 көпқабатты үй салынады
Оралдағы «Ақжайық» жаңа шағын ауданында 80 көпқабатты үй салу көзделіп отыр, деп хабарлайды 24kz.
Жаңа пәтерлердің бір бөлігі жеңілдетілген несиелеу бағдарламасымен беріледі. Ауқымды жоба жүзеге асқанда 45 мыңнан астам адам баспанамен қамтылмақ. Төрт жыл ішінде бұл аумақта 10 көпқабатты үй және оңалту орталығы бой көтерген. Таяуда су сорғыш станциясы іске қосылды. Сонымен қатар мектеп пен балабақша сияқты бірнеше әлеуметтік нысан пайда болады. Қазір қала бойынша пәтер кезегінде тұрғандардың саны 20 мыңнан асқан.
Мұрат Байменов, Орал қаласының әкімі:
- Үйден басқа әлеуметтік нысандар салынады. Соның ішінде әрқайсысы мың жарым баладан үш мектеп. Бұдан басқа, осы басында үш балабақша 500 орындық. 60 жалпы әлеуметтік нысан салынады деп отырмыз. Қазіргі кезде аукцион жүріп жатыр.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үкіметіміздің ерекше көңіл бөліп отырғаны, бұл – әлеуметтік мәселе. Қашанда қай уақытта да, алда тұратын сұрақ ол – халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі. Осыған байланысты жасалып жатқан іс-шараның көрінісі – жақсы мөлтек ауданы салынып жатыр екен. Жаңа жоспарлармен таныстық. Әрине, мөлтек ауданда құрылыс тұрғын үймен қатар ол жерде балабақша, мектеп, денсаулық орындары олардың барлығы болуға тиіс. Барлығы қаралған.