Астанада түрмеден шыққан 48 адам жұмыспен қамтылды

Астанада жыл басынан бері түрмеден босап шыққан 48 азамат екі қолға бір күрек тапқан, деп хабарлайды 24kz.

Жаза басқандардың өз қатесін түсініп, қалыпты өмірге оралуына жәрдемдесу – пробация мамандарына артылған міндет. Қазіргі таңда елордада 6 пробациялық қызмет орталығы жұмыс істеп тұр. Онда бұрын істі болған 2633 адам тіркелген. Мамандар оларға әлеуметтік, құқықтық кеңес беріп, жұмыс табуына жәрдемдеседі. Дәл осындай көмек «Бомж» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде көрсетілді. Оның аясында Алматы аудандық пробация қызметі көмекке зәру 3 сотталған тұлғаны анықтады. Бірінің барар жері, басар тауы жоқ. Ал енді бірі төлқұжатсыз жүр. Орталық мамандары әрқайсының жағдайы назарға алынып, тиісті көмек көрсетілетінін айтты. 

Жандос Дайырбеков, Астана қаласы Алматы аудандық пробация қызметінің инспекторы:

- Пробация қызметі есебінде тұру барысында ол кісілермен сұхбат жүргізіледі. Кімге қандай көмек қажет екені сұхбат барысында анықталады, Сол себепті пробация қызметінде тұрған 3 тұлғаға көмек керек болды. Тұрақты тұратын мекенжайы болмағандықтан «Демеу» орталығына жолданып, сонда орналастырдық.