Тау туризмі: «Алатау аманаты» жобасы іске қосылды

Елде тау туризмін дамытуға бағытталған ауқымды «Алатау аманаты» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды 24KZ. Осы арқылы Шарын шатқалынан бастап Тамғалы-тас археологиялық кешеніне дейінгі 1200 шақырымдық жерге ұлттық соқпақ салу жоспарланған. Бұл бағытта 270 мыңнан астам тұрғыны бар 24 инфрақұрылымдық нысан мен 20 елді мекен бар. Туристер этноауыл, глэмпинг, кемпинг, визит-орталықтар, гастрономиялық және этномәдени туризм орындарына бара алады.

Болашақта мұнда шытырман оқиғаға толы ішкі және халықаралық туризмге арналған тұтас экожүйе пайда болады. «Алатау аманаты» жобасы туризм саласын дамытуға ғана емес, ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыруға да мүмкіндік береді. Соқпақ бойындағы негізгі аялдамалардың туристік тартымдылығы қазірдің өзінде жоғары. Жобаны 1,5 жылда жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бүгінде туризм экономикалық өсімге тың серпін беретін бағытқа айналып келеді. Туризм – бұл жаңа мұнай. Сондықтан Мемлекет басшысы осы секторды дамыту қажет екенін үнемі айтып келеді. Президентіміз жүргізіп жатқан ішкі және сыртқы сындарлы саясаты арқылы елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық, көршілес мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнады. Нәтижесінде шетелдік туристер халқымыздың қонақжайлығын жақсы біледі және Қазақстанға ерекше ықыласпен келеді. Бүгінгі «Алатау аманаты» жобасы қазақстандық туризмді дамыту бағытында жасалған тағы бір маңызды әрі жүйелі қадам екеніне сенімдімін.