Іле ауданындағы ауыл халқы ауыз су тапшылығын тартып отыр

Алматы облысының Іле ауданындағы Күрті ауылдық округінің тұрғындары ауыз су тапшылығын тартып отыр.

Отыз үйлі елді мекенде су құбыры бұрыннан жоқ. Ал, алты мыңнан астам тұрғыны бар Ақши ауылында тіршілік нәрі таңертең және кешкісін кестемен беріледі. Өткен ғасырдың 70-жылдарында салынған ауызсу құбыры жүйесі әбден ескіріп, тозған. Мәселе қашан шешіледі? 

«Алматы-Астана » тас жолының бойындағы Күрті ауылының тұрғындары ауыз суды Ақшиден тасып ішеді. Бір тонна суды 2,5 мың теңгеге сатып алады. Ал кір жуып, мал суаруға қажетті тіршілік нәрін ауыл іргесіндегі Күрті өзенінен алады. Қазір мұнда небәрі 150-дей тұрғын қалды. Ішер судың жоқтығынан көбі қалаға көшіп кеткен.  

Салтанат Шәмшиева, Күрті ауылының тұрғыны:

- Өмірбақи осы Күрті ауылында бұған дейін су болмаған бұл жерде питьевой су. Бізде деген проблема болатын. Ең басты проблема сол болатын. Суымызды жүргізіп беріп жатыр. Алла қаласа осы екі-үш айдың ішінде қосып береміз деп отыр. Ауыл тұрғындары риза бәрі.

«Күрті ауылын ауызсумен қамтамасыз етуге бюджеттен 297 млн теңге бөлінді. Қазір  қаржының 163 млн теңгесі игеріліп, жоспарланған жұмыстың 60 пайызы атқарылды. Күзге таман аталған ауылға ауызсу жетеді», - деді аудан басшылары.

Алмас Бөкенаев, Іле ауданы әкімінің орынбасары:

- Сосын екінші бізде Ақши аулы бар үлкен. Ол жақта да проблема, ауызсу жоқ. Жердің жобасы қымбат шыққан. Проект тоже 2024 жылы шықты. Ол жердің суммасы 7 млрд теңгедей болып тұр.

 Өткен ғасырдың 70-жылдарында тартылған ауызсу құбыры әбден ескіріп, тозғандықтан, Ақшиде су жиі болмай қалады. Ал жаз мезгілінде сағатпен беріледі. Ауылда мұндай жағдай жыл сайын қайталанады.

Жұмекен Тәттіғұлов, Ақши ауылының тұрғыны:

- Бүгінгідей күн ыссыда вообще біз далада қалдық. Неліктен десеңіз, екі-үш мезгіл береді бізге. Ертеңгісін береді, түстен кейін береді и кешке бірақ береді. Қазір мынандай ыссыда үйге барып душқа түсейін десең де су жоқ. Сол су келсе дұрыс болар еді халыққа.

Шынәділ Мұқанұлы, Ақши ауылының тұрғыны:

- Бұл жерге 70 км жерден трассамен тартылған су. Бұл маңайда тұщы су жоқ. Сонау Междуреченскіден трубамен келеді. Кезінде аудан боп тұрғанда тартылған ғой енді ол мүмкіндік болып. Қазір енді сол республикалық бюджеттен ақшасы шешілсе, төменгі ауыл Бозойға дейін тартылған құбыр болған. Сол шешіледі деген ойдамыз.

Алматы облысындағы елді мекендерді орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз ету көрсеткіші 98%-тік межеге жетті. Дегенмен, өңірдегі су құбыры желілерінің 65%-ы тозған.   Кеңестік кезеңде төселген 600 шақырымнан астам ауызсу құбыры қайта жаңартуды қажет етеді.

рдақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов