Атырауда 161 көшеге жаңа асфальт төселеді
Бұл мақсатқа 16 миллиард теңге бөлінді.
Қазір жеті учаскеде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сәтбаев даңғылы мен оған қиылысатын көшелердегі құрылыс тамыз айының соңында аяқталады. Сонымен қатар қала іргесіндегі сегіз ауылдық округте орташа жөндеу жұмыстары басталды. Оның ішінде бұрын асфальт болмаған ауылдар да қамтылады. Былтыр тасқынға байланысты жұмыстар кейінге қалдырылып, бар болғаны 17 көше орташа және ағымдағы жөндеуде өткен.
Ғасырбек Төлеген, қала әкімдігінің ресми өкілі:
- Мектеп оқушыларының каникулы кезіндегі көлік ағымының аздығын пайдаланып күзге дейін, жалпы ірі жобаларды жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Атырау қаласы аумағында 50 мың шаршы метрді қамтитын ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жалпы Атырау қаласы аумағы мен ауылдық округтерді қамтыған.