Алматы облысындағы туристік инфрақұрылымды бақылау күшейтілді
Алматы облысында туристік инфрақұрылымды дамыту ісі күшейтілді, деп хабарлайды 24kz.
Себебі кейінгі кезде демалыс орындарындағы қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздік және санитарлық талаптардың сақталмайтынына қатысты арыз-шағым көбейген. Осыған байланысты Президенттің тапсырмасымен туристік аймақтарға кешенді тексеру басталды. Бұл мақсатта Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылды. Оған Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев жетекшілік етеді. Бүгін комиссия мүшелері Қапшағай маңындағы демалыс аймақтарын аралады.
Гүлім Советхан, тілші:
- Алматы облысы – туристер ең көп келетін аймақтардың бірі. Биыл бұл өңірге келген демалушылардың саны 30%-ке артқан. Қазір аймақта 270 демалыс орны жұмыс істеп тұр. Бұл былтырмен салыстырғанда 13-ке артық. Жыл соңына дейін тағы 20 жаңа нысан ашылмақ. Бірақ туристік нысандар мен демалушылар санының артуы бірқатар жүйелі мәселелерді ашып берді. Комиссия бірнеше жеке және коммуналдық жағажайларды аралап, заңбұзушылықтар анықтады.
Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Жалпы жақсы нәтижелермен, жақсы істеліп жатқан жобалармен бірге коммуналды жағажайға барғанда қаншама қиындықтарды көрдік. Соған байланысты бүгін көріп отырсыздар, бір кісілер келеді, палатка, тапшанды алады. 6,7,9, 12 мың теңге, әркім ойына келген бағаны қояды. Арасында қаншама адам жұмыс істейді, тек қана бір апай өзі мүгедек, өзі зейнеткер, сол ғана заңға сәйкес жұмыс істейді. Барып тіркеліп, уақытында барып, тиісті төлемін салық органдарға төлейді, қолында терминал бар. Басқалар қолма-қол ақшаны алады, ешқандай чекті ештеңені бермейді. Бұл не? Бұл – көлеңкелі экономика.
Үкімет туристік саланы дамыту үшін бірқатар қаржылық қолдау шараларын ұсынған. Мемлекет тарапынан инвесторларға субсидиялар, гранттар және жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Бірақ ең бастысы – жергілікті атқарушы органдар, яғни, әкімдіктер өз деңгейінде жағдай жасауы керек. Комиссияның айтуынша, көптеген мәселе аудандық және қалалық деңгейде-ақ шешілуі мүмкін. Вице-премьер барлық заңбұзушылықтарды қысқа мерзімде жоюды тапсырды.
Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК басқарма төрағасының м.а.:
- Мына жергілікті жердегі жағдайды жасау – әкімдіктің мойнындағы мәселе. Жалпы туристик объектілерге келетін болсақ, Үкімет тарапынан заңнамалық және мемлекеттік қолдау шаралары жасалған. Осындай инвестор өзінің объектісін саламын десе, оған жеңілдетілген кредит түрлері бар, мемлекеттік қолдау шаралары,грант немесе субсидиялар бар.
Арнайы комиссияның жұмысы басқа өңірлерде де жалғасады. Үкімет туризм саласындағы жүйелі мәселелерді түбегейлі шешуді көздеп отыр. Мемлекет басшысы туристік бағыттарда тәртіп орнатып, заң бұзушылыққа жол берген шенеуніктерді жауапкершілікке тарту жөнінде нақты тапсырма берді. Себебі туризм елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Авторлары: Гүлім Советхан, Аманжол Жөнкешов