Астана – Бурабай бағытында жаңа электр пойызы іске қосылды

Бүгін таңертең су жаңа Бурабай экспресс пойызы Астана вокзалынан алғашқы рейсіне аттанды, деп хабарлайды 24kz.

Жолаушылар тасымалы акционерлік қоғамы бұл халықаралық озық стандартқа сай электр пойызы саяхатшыларды Бурабай баурайына небәрі 2,5 сағатта жеткізетінін хабарлады. Вагондар жолаушыларға қолайлы болу үшін сапалы сервис және барлық қажетті жабдықтармен қамтылған. Жақын арада тамақтану мен жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді болады. Ал, басты артықшылығы – бұл отандық өнім. Вагондар Петропавл қаласындағы «ЗИКСТО» зауытында құрастырылған.

Енді демалушылар үшін Бурабай курорттық аймағына аттану бұрынғыдан да қолайлырақ. Себебі, жаңа «Burabay Express» электр пойызы аптасына 5 күн қатынайды. Билет құны 2900 теңгеден басталады. Жеткізу уақыты қонақ үйге жайғасу уақытымен дәл келеді. Тіпті тегін трансфер ұйымдастырылады.

Ануар Ахметжанов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры:

- Бұл – Қазақстанда жасалған заманауи электропоезд. «Нұрлы жол» вокзалынан Бурабайға 3 сағат, «Астана-1» вокзалынан 2,5 сағат. Бурабайға дейін ешбір аялдама болмайды, тікелей жүреді. Бұл электропоездың кестесі өте ыңғайлы.  

«Burabay Express» бірінші, екінші және үшінші санатты 6 вагоннан тұрады. Жалпы саны 374 орынға арналған. Астанадан күндізгі 11-де аттанса, Бурабайдан 14:15-те кері қайтады.

Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп жылжымалы құрамды жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биыл сонымен қатар 175 вагон жаңартылады. Біздің мақсатымыз  – 2030 жылға қарай жолаушылар вагоны паркін 95%-ке жаңғырту.

Қадиша Хаттарқызы, жолаушы:

- Бурабайға бірінші рет бара жатырмын. Пойыздарыңыз жақсы, рахмет. Билеттеріңіз қолжетімді. Кілең ағайын қыздар жиналып бара жатырмыз. Өзім Атырауданмын.

Вагон паркін жаңарту – ұлттық тасымалдаушының басты стратегиялық міндеті. 1 жыл ішінде дәл осындай жаңа буындағы пойыздар Қарағанды мен Көкшетау бағыттарына қатынай бастады. Енді елордадан Бурабайға жыл бойы жолаушыларды жеткізеді.

Авторлары,Рухани Әбдірахман, Өрден Жарқын, 24KZ