Қарағанды облысында мүгедектігі бар жандар жұмыспен қамтылды

Қарағанды облысында мүгедектігі бар жандар үшін жұмыс орындары ашылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Биыл әлеуметтік бағдарлама негізінде 13 адам еңбекпен қамтылды. Олар есту, көру және тірек қимыл қабілеті нашарлаған жандар. Осы санаттағы адамдарға жұмыс орнын ашқан кәсіпкердің шығынын мемлекет өтейді. 

Көркем Мағзұмбекова бұған дейін мұғалім болған. Көру қабілеті күннен-күнге нашарлап, жұмыстан шығуына тура келіпті. «Мансап» орталығынан ыңғайлы жұмыс сұрап өтініш қалдырған. Қазір балалар шығармашылық орталығында көркемөнерден дәріс береді.

Көркем Мағзұмбекова, балалар шығармашылығы орталығының ұстазы:

- Менің негізгі мамандығым мәдениеттану жұмысы. Өзім де өнерге жақынмын. Мектепте балалармен жұмыс істегенмін. Сондықтан да маған бұл жұмыс оңай болды. Біз сияқты жандарға мүгедектігі бар өте қолайлы деп ойлаймын. Себебі жұмысқа тұру өте қиын. Ал осындай «Мансап» орталығына келіп, жұмысқа орналасатын болса, ол адамдарға үлкен көмек.

Балалар шығармашылық орталығын Зарина Ханова ашқан. Ол «Мансап» орталығы арқылы мүгедектігі бар екі педагог маманды жұмыспен қамтып отыр. Жалақысын төлеуге мемлекет көмектеседі. Бастапқы жылы 70%, екінші жылы 65%, ал үшінші жылы 60% жалақыны субсидиялайды. Мұнда келетіндердің арасында ерекше балалар да бар. Кәсіпкер оларға үйірмені тегін қылған.

Зарина Ханова, кәсіпкер:

- Денсаулығында туабітті кемістігі бар, ешқандай емге келмейтін балалар бар. Оларға көмегім болсын деп үйірмені тегін қылдым. Ата-аналардың да бір ауық қолы босап, жұмыс істеуіне мүмкіндік туады. Өз бизнесімнің адамдарға кішкене болсын әлеуметтік жағынан тиімді болғанына қуаныштымын.

Биыл Қарағанды облысында мүгедектігі бар жандар үшін 13 арнайы жұмыс орны ашылды. Еңбекпен қамтылғандар негізінен көру, есту және тірек-қимыл қабілеті нашарлаған жандар. Оларды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлерге мемлекет қолдау көрсетеді.

Нұржан Сыздықов, Қарағанды облысы бойынша Еңбек ұтқырлығы орталығының директоры:

- Арнайы жұмыс орны ашылғанда керек құрал-жабдықтарды алады. Ол жаңағы Еңбек мобильділігі орталығына, «Мансап» орталығына өтінішін білдіріп, қандай заттар алатынын, сомасын білген соң Үкімет тарапынан субсидияланады. Жұмсаған ақшасын қайтадан өндіртіп береді.

Былтыр Қарағанды облысында мүгедектігі бар 1318 адам жұмысқа тұрған. Биыл да осынша адам қамтылады. Олардың біразы мамандық алу үшін арнайы оқу курсынан өтеді.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит