Өскемендегі саябақтар коммуналдық меншікке беріледі
Өскеменде саябақтарға күтім жасамаған коммуналдық қызмет басшылары тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл мәселені әлеуметтік желіде қала тұрғындары көтерді. Жұртшылық демалыс орындары қоқысқа толып, ұсқынсыз жағдайға түскенін айтып, жазба қалдырған. Енді жергілікті билік өкілдері бюджеттен қаржы қарастырып, сынға ұшыраған аумақты ретке келтірмек.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Бұл – Өскеменнің ең ірі «Самал» саябағы. 2019 жылы салынған демалыс орнының қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Спорттық алаңдар бұзылып қалған. Жаттығу құрылғылары да істемей тұр.
Гүлнұр Есімханова, қала тұрғыны:
- Шатырын көтеру керек. Кішкене балалар алаңын бояп, реттеу керек. Басқа айтарым ешқандай жоқ.
Қаладағы «Самал» және «Жамбыл» саябақтары музей қорымның қарамағына алынған. Жергілікті билік өкілдері оның жұмысына көңілі толмай, демалыс орнын коммуналдық меншікке беру мәселесін қарастырып жатыр.
Ботагөз Мейірханова, «Таза Өскемен» коммуналдық кәсіпорны директорының орынбасары:
- Бұл бізге қосымша штат құрып, бағбан, көгалдандырушы алуға мүмкіндік береді. Яғни, саябақпен өз ісінің мамандары айналысады. Сонымен қатар коммуналдық ұйымға бюджеттен қаржы бөлінеді.
Саябақтарды қалпына келтіруге жарты миллиардқа жуық теңге бөлінеді. Ал, эколог Дәулет Асанов демалыс орындарын сенімді басқаруға беруді ұсынып отыр.
Дәулет Асанов, эколог:
- Жеке кәсіпорындарға конкурс жүйесі ретінде басқармаға тапсыру. Бірақ алдын ала оған қойылатын талаптарды жазып беру керек. Не істеуге болады, не істеуге болмайды. Одан кейін күтілетін нәтижелер. Сонда кішкене нәтиже болады.
Бірақ жергілікті билік өкілдері бұл ұсынысты назарға алған жоқ. Олар саябақтарды коммуналдық кәсіпорындар арқылы күтіп ұстауды жөн көріп отыр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Вячеслав Ветлугин