Перизат Қайрат соты: куәгерлерден жауап алынып жатыр. LIVE
Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайратқа қатысты басты сот отырысы жүріп жатыр. Бүгін процестің екінші күні. Сот жартылай жабық режимде өтеді. Дегенмен БАҚ өкілдеріне іс барысынан ақпарат таратуға мүмкіндік берілген.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Бүгін белсенді Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты басты сот талқылауы жүріп жатыр. Бүгін де куәгерлерден жауап алу жалғасып жатыр. Бірінші болып «Асар Уме» қайырымдылық қорының президенті Асхат Нұрмашев шақырылды. Істе ол жетекшілік ететін қор «Biz birgemiz Qazaqstan 2030» қорының шотына 200 млн теңге аударғаны туралы мәлімет бар. Бұл қаражат Палестина халқына көмекке жіберілуі керек еді. Асхат Нұрмашевтың айтуынша, ол Перизат Қайратпен жолығып, Алматы және Астана қалаларындағы қоймадағы заттарды көргендіктен, «Асар Уме» қоры Газа секторына көмекке қаражат жинай бастайды. Есесіне сотталушы Әбу Дабидегі халықаралық қоймаға кіруге рұқсат алып беруге уәде еткен.
Естеріңізге сала кетейік, кеше бірінші эпизод, яғни ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығы мен қайырымдылық фестивалі бойынша үш жәбірленуші мен алты куәгер тыңдалды. Олардың ішінде екі құрылыс компаниясының басшылары мен «Biz birgemiz» қорының бұрынғы құрылтайшылары бар.