Волонтерлік және азаматтық бастамаларды дамытуға арналған шағын гранттар байқауы басталды

Фото: depositphotos.com

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Бірыңғай грант операторының қолдауымен шағын гранттар байқауына өтінім қабылдаудың басталғанын жариялайды. Байқау жеңімпаздары жобаларын іске асыру үшін 1 000 000 теңгеге дейін қаржылық және ұйымдастырушылар тарапынан әдістемелік қолдау алады.

Жобаларды 3 айға дейін мерзімде жүзеге асыру қажет. Шағын гранттар келесі басым бағыттар бойынша ұсынылады:

  • волонтерлік бастамаларды дамыту (төтенше жағдайлар, экология, медицина, мәдениет, әлеуметтік бағыт, жануарларды қорғау) – 60 грант;
  • инклюзивті қоғамды дамыту – 18 грант;
  • ауылдық бастамаларды қолдау – 18 грант.  

Өтінімдер 2025 жылғы 16 шілдеден 4 тамызға дейін қабылданады. Грантқа тіркелген үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ); волонтерлік жобалар бойынша бастамашыл топтар; волонтерлік жобалар бойынша 18 жастан асқан жеке тұлғалар қатыса алады. Толық ақпаратты Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ресми сайтынан көруге болады: www.cisc.kz  («Гранттар» бөлімі → «Шағын гранттар»), мұнда байқаулар мен ұйымдастырушылар туралы барлық ақпарат орналастырылған. Байқауды гранттық жобаларды жүзеге асырып жатқан үкіметтік емес ұйымдар ұйымдастыруда.