Алакөлде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

Алакөлге жыл сайын миллионнан астам турист келеді, деп хабарлайды 24KZ. Әркім қалтасына қарай демалыс орнын таңдайды. Соңғы жылдары жағажайлардағы қызмет сапасына шағым көбейген. Қауіпсіздік жағы да көңіл көншітпейді. Осы орайда Үкімет жергілікті билікке нақты тапсырмалар беріп, туристерге қолайлы жағдай жасауды міндеттеді.

Алакөлдің Жетісу облысындағы жағалауына соңғы үш жылда 4,8 млн турист ат басын тіреді. Қазір 320 демалыс орны жұмыс істеп тұр. «Ірі бизнес нысандарындағы қызмет сапасы жаман емес, бірақ қымбат», – дейді демалушылар.

Гүлмира Жиенбаева, Сарқан ауданының тұрғыны:

- Бұл жерде де өзгертетін зат көп. Қазақстанда, қарап отырсаңыз, туризмді әлі де дамыту керек. Тазалығы енді былтырғыға қарағанда жақсы. Бірақ бағасы өте қымбат. Қарапайым халыққа өте қымбат. Қазір мына жаққа келіп демалғанша шетелде демалып келген өте арзан, тиімді.

Ал шағын пансионаттардағы қызмет көрсету сапасы көпшіліктің көңілінен шыға бермейді.

Абай облысының экобелсенділері Алакөл жағалауы, әсіресе шомылу маусымы кезінде қатты ластанатынын айтып дабыл қақты. Экологиялық сенбіліктерден  нәтиже жоқ. Өйткені демалушылар көл жағалауына қоқыс шашып кетеді.

Жетісу облысындағы жағалауға келушілердің қауіпсіздігін құтқарушылар қамтамасыз етеді. Онда 15 адам жұмыс істейді. Жағажайдың ұзындығы 20 шақырым. Жедел әрекет ету үшін штат саны жеткіліксіз. «Дегенмен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз өзекті мәселенің бірі», – деді еліміздің Туризм және спорт министрі.

Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Қоқыс жәшіктерінен бастап дәретханалар, киінетін орындар, жаңағы буйлар, арнайы қауіпсіздік шаралары, көмек көрсететін орындар – бәрі жеткіліксіз. Бүгінгі күні оның бәрін біз өз көзімізбен көріп отырмыз. Жергілікті әкімдіктерге нақты тапсырма берілді. Ол қатаң бақылауда болады.

Ақши ауылында биылғы шомылу маусымында жаңа кәріз жүйесі салына бастады. Жағалаудағы демалыс орындарын электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі де шешілді.

Виктор Сычёв, мердігер компания өкілі:

- 1 маусымда 16 МВттық бір трансформаторымыз іске қосылды. Ол жағалаудағы нысандарды электр қуатымен қамтамасыз етуге арналған. Екінші трансформатор жақында іске қосылады. Сондықтан бұдан былай көл жағалауында электр энергиясының жетіспеушілігі мәселесі туындамайды.

Ақши ауылындағы теміржол вокзалы күніне 800 жолаушыны қабылдайды. Оның басым бөлігі туристер. Алдағы уақытта көл жағалауында орналасқан өзге де станциялардағы қызмет көрсету сапасы жақсарады.

Асқар Жексенбиев, «Қазақстан темір жолы» АҚ ҰК филиал директоры:

- Осы туристік аумақта, Жалаңашкөл және Көктұма вокзал станцияларында реконструкция болып жатыр. Бұл енді келешекте біздің жолаушыларға және туристерге жақсы бір жағдай болады деп ойлаймын.

Абай облысында туристік аумақтар қайта жаңартылады. Сонымен қатар өрт сөндіру депосы мен құтқарушылар станциясы салынады. Дегенмен Алакөлдің қос жағалауында әлі де атқарылатын жұмыс көп. Құтқаршылар мұнарасын орнатып, шомылуға арналған жерлерді белгілеп, медициналық пункттер салып, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету қажет. Аталған жұмыстың бәрі 10  күннің ішінде атқарылуы тиіс.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Гүлнар Жантасова, Ботагөз Дәндібаева, Олжас Байбосынов, Медет Өмірханов