Таразда қараусыз қалған арна абаттандырылады

Таразды бойлай ағып жатқан Қарасу каналы келер жылы абаттандырылатын болды, деп хабарлайды 24KZ. 4 бірдей шағынауданның ортасындағы алып су арнасын қамыс басып, қоқысқа толған. Оған қоса арнасы қураған шөппен бітеліп, жағасы маскүнемдер мекеніне айналған. Әкімдік ұзындығы 1,2 шақырымдық каналға келер жылы жөндеу жұмыстарын жүргізетін болды.

Әзірге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Арнаны абаттандыруға жергілікті бюджеттен 1 миллиард 150 миллион теңге бөлінбек. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталып, сол жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жалпы таразда 8 су арнасы болса, тек Түйте арнасының бір бөлігі абаттандырылған. «Барлығын көгалдандырып, демалыс аймағына айналдыруға 20 млрд керек», – дейді әкім орынбасары.

Нұрсұлтан Исабеков, қала әкімінің орынбасары:

- 1500 шаршы метр балалар ойын алаңшасы және де 500 шаршы метр қарттарға арналған демалыс аймағы болады. Бұл аймақтардың барлығы бетондалып, брусчатка төсеніштерімен жабылып жасалады. Қамыс өсетін аумақтардың барлығы бетондалады.