«Қазақстан халқына» қорынан Шымкент тұрғындары үшін 12 млрд теңге жұмсалды

Шымкентте дамуы тежелген балалар үшін оңалтудың озық тәжірибесі енгізілді.

Арнайы орталықтарда емдік терапиялар ерте жастан тағайындалып, мүгедектігі бар жандарды заманауи әдістермен қолдауға мүмкіндік туды. Жоспар бойынша жылына 3800 бала әлеуметтік қызмет түрін алады. Жоба «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асты.

Гүлжамал Қонысованың перзенті оңалтудың он күндік курсын қабылдап жатыр. Баланың буыны мен бұлшық еттерін қатайту үшін массаж, сумен сауықтыру және физиотерапиялық емдеу тәжірибесі тағайындалды. Айтуынша, аз уақытта оң нәтиже байқалып, бойын тіктеген. Сондықтан «Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар ем түрлерін ерте қолға алса», дейді. 

Гүлжамал Қонысова, қала тұрғыны:

- Біз алғашқы келгенде аунай алмайтын, бала басын ұстай алмайтын. Уже бізде кішкене денеміз қатайып, жақсы болып қалдық. Емханаларда осы жерге көбірек направление берсе деп ойлаймын. Өйткені көп ата-аналар. Келе алмай жүргені қанша.

Орталықтағы интерактивті және сенсорлық бөлмелер «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жабдықталды. Сондай-ақ заманауи құрылғылар жеткізіліп, аутизм мен сал ауруына шалдыққан балаларды емдеудің озық тәжірибесі енгізілді. Қайырымдылық жоба аясында инклюзивті білім беру ұйымы да қажетті оқу құралдарымен қамтылды. 

Гүлнар Мықтыбаева, қалалық «Көмекші мектеп-интернаты» директорының орынбасары:

- Осы жабдықталған кабинеттердің арқасында балалар жаңаша құралдармен жұмыс істеп, жаңа өмірге бейімделіп жатыр. Келешекте барлық оқу кабинеттерін осылай жабдықтасақ деген ойымызда бар.

Мегаполиске «Қазақстан халқына» қорынан 12 млрд 195 миллион теңге жұмсалған. Жалпы ел игілігі үшін денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру мен спорттық салалар қамтылып, 18 жоба жүзеге асырылды. Мамандардың айтуынша, тұрғындардың жеке өтініштері мен үкіметтік емес ұйымдардан түскен ұсыныстар арнайы сарапшылардың қарауынан соң мақұлданады.  

Шыңғыс Шарапиев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қайырымдылық бағдарламаларды үйлестіру орталығының басшысы:

- Шымкент қаласында «Қазақстан халқына» қоры 18 жобаны іске асырды. Оның жетеуі нақты осындай әлеуметтік нысандар. Қорда бөлек мониторинг департаменті бар. Ол кісілер жарты жыл сайын осындай объектілерге келіп тұрады. Жобаны сүйемелдеп, әрі қарай қарап тұрады. 

Биыл қордың қолдауымен тағы екі бірдей спорттық кешен ашылады. Нәтижесінде шалғай шағын ауданның балалары орталыққа қатынамай-ақ түрлі үйірмемен қамтылады. Алдағы уақытта мәдениет саласына да басымдық беріліп, жаңа нысанның қазығы қағылмақ. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Беймұратов