Ақын Исраил Сапарбай 85 жасқа қараған шағында өмірден озды
Қазақ лирикалық поэзиясының тағы бір дәуірі көшті, көрнекті өкілі келмеске кетті. Қазақстанның халық жазушысы, белгілі ақын-драматург «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Исраил Сапарбай 85 жасқа қараған шағында өмірден озды. Исраил Сапарбай поэзия, драматургия және сазгерлік саласында еңбек етті. Ақынның өлеңдері мен әндері көпшілікке кеңінен танымал. Оның пьесалары, ел театрларында сахналанды.
«Оның бүкіл болмысы нағыз ақын еді», – дейді қаламдастары. Шығармашылық қуатын тек қара өлеңге, өнерге арнады. Сұлулыққа, әдемілікке құштар Исраил ағаның өлеңдері оқырманын бірден баурап алатын. Қарапайым адамға қалыпты көрінетін сәтті өлеңге қосып, жан бітіріп, суретке айналдыру тек ақынның қолынан келсе керек. «Бұл бір ерекше құбылыс», – деген еді ақынның өзі де...
Исраил Сапарбай, ақын:
- Неғұрлым көп оқысаң, соғұрлым көп танисың, көп білесің. Соның бәрі күндердің күнінде, жүрек деген алтын бесік бар ғой, сонда тербетіліп, бір күні аяғын тіктеп, белін шешіп, халыққа жол тауып жатады. Сондықтан өлең де, ән де ғарыштың, ғайыптың, Алланың бола ма бір игі шарапаты деп білемін.
Исраил аға қазақ сахнасы үшін де тер төкті, талмай еңбек етті. Оның бір қанаты ән болса, бір қанаты театр сахнасы еді. «Ең алғаш жазған «Ауылдан келген ару» пьесасы театрды «асыраған» қойылым болды», – дейді театр өкілдері. Бұдан бөлек, «Әмір-Темір», «Махаббат мейрамы» пьесаларын көрермен зор құрметпен қабылдады. Ал вальс королі Шәмші Қалдыаяқовқа арналған «Сыған серенадасы» атты поэтикалық-музыкалық драмасы әлі де театр сахнасынан түспей келеді.
Қасымхан Бегманов, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын:
- Ол бүкіл өмірін ақын болып өмір кешті. Өте жиі байланыста болдық. Ауруханаға барып тұрдық. Соңғы бір барғанымызда ағамыз күбірлеп сөйлеп жатыр екен. Есін біліп жатты. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деген баяғы өзінің өлеңі бар ғой, сол өлеңді күбірлеп оқып жатыр. Енді бұл адамның көзіне жас келетін, көңілімізді босататын сондай бір сәт.
Исраил Сапарбайдың өлеңіне жазылған әндер ұлттық музыканың бір дәуіріне жүк. «Махаббат мәңгі ертегі», «Бір тамшы көздің жасындай», «Сен болмасаң», «Алақаннан ұшқан аққуым» әндерін алдыңғы буын да, жас әншілер де орындап келеді.
Маралтай Райымбек, ақын:
- Ол кісі енді сұлулықты қадір тұтты. Әйел затын әспеттеді. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деген өлеңі қазақ қыздарырның, қазақ аналарының әнұраны, гимніне айналып кетті. Исраил ағаның әндерінің бәрі халықтық әндердің сипатында. Ол кісінің өзі ақын әрі сазгер композитор. Әндерінің бәрі көңілге қона кетеді. Ол қазақтың жүрегін әнмен әлдилеп кеткен сазгер ақын.
Қазақ мәдениетінің мәйегіне айналған туындыларды өмірге әкелген ақын жүрек мәңгіге тоқтады. Бірақ оның шығармалары ұлтының жүрегінде сақталатыны сөзсіз. Исраил Сапарбаймен қоштасу 20 шілде жексенбі күні Алматыдағы Орталық мешітте өтеді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев