Құтқарушылар Қызылорда облысындағы қуаңшылықпен күресіп жатыр

Қызылорда облысында тағы қуаңшылық. Сырдария өзенінің деңгейі күрт төмендеп, ауыл шаруашылығы дақылдарына қауіп төніп тұр. Қазір егістік алқаптарын суаруға Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жұмылдырылды. Биыл астық далада қалмай ма?

Жауын-шашынның жоқтығы және Сырдария өзенінің тартылуы Шиелідегі күріш өсірушілерін сары уайымға салды. Шіліңгір шілденің аптап ыстығындағы су тапшылығы оларды шығынға батыруы мүмкін.

Күлімбет Асқарбай, күріш өсіруші:

- 90-100 күн суда тұратын дақыл. Қазір, көріп тұрсыздар, жер жарылып жатыр. Қазір неше күн болды, осында қиындық. Қазір шаруашылықтар 8 осындай «мотор» қойды. ТЖМ-ның да көп көмегі тиіп жатыр. Егер суарылмаса, ертең не болады? Бейнеттің бәрі далаға кетеді.

Болатбек Смағұлов, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары:

- 8 облыстан 10 жылжымалы, өздеріңіз көріп тұрғандай, сорғылар келіп, қазір көмектесіп жатыр. Оған қосымша өзіміздің ауданда 32 осындай су айдайтын қондырғы жұмыс істеп тұр. Тамыз айының 20-сынан кейін суды байлау басталады. Соған дейін осы суды ұстап тұрсақ, әрі қарай шығып кетеміз деген үміттемін.

Су тапшылығы Сырдария, Жалағаш, Қазалы аудандарында да байқалады. Жергілікті шаруаларға 19 облыстан төтенше жағдайлар мамандары көмекке келді. Олар сорғылардың көмегімен каналдардан су тартып жатыр.

Талғат Дүйсебаев, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Облыста мына қашықтықтағы суды екінші мәрте пайдалану үшін 238 сорғы қондырғылары жұмыс жасайды. Оның ішінде, айтып кету керек, мынау ТЖМ тарапынан үлкен қолдау болды. 25 жылжымалы сорғы қондырғыларымен көмек беріліп, әр облыстан бір-бір группадан келді. Жалпы ТЖМ қарамағындағы 72 адам осы кезде біздің облыста вигитациялық кезеңді өткізуге үлкен жәрдеп беріп жатыр.

Өңірде астықтың өсіп-жетілу кезеңі тамыздың ортасында аяқталады. Мамандардың айтуынша, одан кейін су тапшылығы қатты сезілмейді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Райхан Тәжібаева, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байдоллаев