Ақтөбеде екі көпірдің құрылысы жүріп жатыр
Елек және Қарғалы өзендерінің үстінен салынып жатқан өткелдер қаладағы көлік қозғалысын реттейді.
Кірпішті, Ақжар, Есет батыр және Нокин атындағы шағын аудандарға қатынас жеңілдейді.
Соңғы жылдары облыс орталығына көшіп келушілер көбейді. Қала маңында жаңадан шағын аудандар бой көтеріп, тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Көлік қозғалысы да қиындап кетті. Мысалы, Електің үстінен өтетін ескі көпір маңында көлік кептелісі жиі болады. Сондықтан екі жыл бұрын жаңа өткел құрылысы басталды.
Асхат Санбаев, учаске басшысы:
- Көне көпірдің, мысалы, белдеулерінің ұзындығы 22 м болса қазіргі уақыттағы жаңа белдіктердің төзімділігі әрине жоғары, ұзындығы 42 метр. 9 опора салдық.
Екі жолақты көпірдің ұзындығы 340 метр. Қазір асфальт төселіп, жарық шамдары орнатылды. Маңызды нысан көп ұзамай халық игілігіне тапсырылады. Ал 50 жыл бұрын салынған ескі өткел толығымен сүріліп, орнына тағы екі жолақты көпір тұрғызылады. Нәтижесінде Кірпішті ауданына қатынайтын жол кеңейіп, 4 жолақты болады.
Арсен Мырзалин, қалалық ТҮКШ автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Бұл жобаны бір жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Құрылысты құзырлы органдар бақылап отыр. Атап айтқанда техникалық қадағалау және жол активтері сапасының ұлттық орталығының мамандары қадағалайды.
Ақжар мен Есет батыр атындағы ауданның арасында да көпір салынып жатыр. Бұл өткел де төрт жолақты болады.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Қарғалы өзенінің дәл осы тұстағы арнасы кішірейтіліп уақытша өткел тасталған. Ал көпірдің қазір тіреу бағандары құйылып жатыр. Ескі көпір болса тек асфальт жабындысы ғана жаңартылады.
Нұрсұлтан Әділхан, учаске басшысы:
- Алдыңғы паводка уақыттарында біз судың арнасының тартылғанын күттік. Ол да уақытты шамалы болса да алады. Жауын-шашын уақытында да жұмысқа кедергі болады. Сол уақыттар жұмысты бәсеңдетеді. Қазір біз қаржыландыруды күтіп отырмыз. Егер бөлінетін болса биылға біз осы жылдың соңына дейін осы көпірді бітіруге ниеттіміз.
Бұл көпірдің ұзындығы 148, ал ені 9 жарым метр болады. Жолдың кеңеюі Есет батыр атындағы тұрғындар алабы, Кірпішті, Ақжар, Нокин аудандарымен қатынасты жеңілдетеді. Жалпы екі көпірдің құрылысына облыс және қала бюджетінен 9 млрд 500 млн теңге бөлінген.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов