Қызылордадағы бассейндерде санитарлық бақылау әлсіреді

Қызылордада жаздың аптап ыстығында аквапарк пен бассейндердегі демалыс қызды.

Қазір облыс бойынша осындай 20 орын бар. Оның 12-сі қалада орналасқан. Мамандардың айтуынша, соңғы екі жылда олардың жұмысына қатысты тұрғындар тарапынан ешқандай арыз-шағым түспеген. Бірақ шын мәнінде санитарлық қауіпсіздік қаншалықты сақталып жатыр? 

Қызылордадағы бұл бассейнге күніне 80-ге жуық адам келеді. Спорт секциясындағы жас жүзушілерден бастап, ересектерге дейін шомылады. Бірақ санитарлық бақылау атымен жоқ. Кіру абонементі медициналық анықтамасыз беріледі. Кей жерлерде су тазалау қондырғылары істен шыққан. 

БЛИЦ:

- Қазіргі бассейндерге барғанда, шынын айтқанда ешкім справканы да ештеңені де сұрамайды. Іші де шамалы ластау. Адамдар көптеу. Шын айтқанда, осы санаулы ғана әлеуметтік бассейндер. Бір арасында балалармен барсаң, ақша берсең ішіне кіріп кетесің.

- Өткенде немереммен бассейнге бардық. Екінші күні денесі бөртіп кетті. Дәрігерге қаралдық.

Бұған дейін жағдай басқаша болған. Санитар мамандар бассейн суын айына бір немесе екі рет тексеретін. Бірақ жаңа ережеге сай аквапарк пен бассейндер "қауіптілік деңгейі төмен" нысандар қатарына жатқызылды. Енді тексеріс жылына бір рет жүргізілетін болған.

Ерлан Ұзақбаев, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Биылдыққа бірде-бір жоспарлы тексеру жүргізілген жоқ. Себебі тәуекелдерді бағалау және басқару ақпараттық жүйесінде барлық тексеретін нысандар автоматты түрде қалыптаспаған. Биылғы жоспарға бірде-бір бассейн нысандары тіркелген жоқ.

Мемлекеттік бақылау азайғандықтан санитарлық тәртіп бассейн мен аквапарк иелерінің өздеріне жүктелді. Дегенмен, нақты тәжірибе көрсеткендей, бұл жауапкершілікті бәрі бірдей сезіне бермейді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Райхан Тәжібаева, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байдоллаев