Ақтөбе облысында 282 шақырым күрежол жөнделеді

Ақтөбе облысында биыл 282 шақырым күрежол жөнделеді. Қазір өңірде асфальт төсеу жұмыстары қарқын алды. Соның бірі – Қандыағаш-Шалқар-Ырғыз бағыты. Бұл жол облыстың бірнеше ауданын Орталық – Батыс транзиттік дәлізімен байланыстырады.

Қандыағаш және Шалқар қалаларын байланыстыратын республикалық маңызы бар бағыт жарты ғасырдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген. Шұрық-тесікті ішінара жамағанымен, соңғы жылдары көлік қатынасы тіпті қиындап кетті. 262 шақырымды еңсеруге 5-6 сағат қажет болатын. Асфальт жабындысын жаңарту жұмыстары екі жыл бұрын басталып, алғашқы 35 шақырымы төселген еді. Биыл 110 шақырым жол жөнделеді.

Серік Даукариев, учаске басшысы:

- Қазіргі уақытта жаңа материал, яғни С4 қоспасы және цемент қосылған қиыршықтас негізін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл суық қайта өңдеу әдісімен жасалады. Бұл әдіс жолдың табанын қосымша нығайтуға мүмкіндік береді, үстіне жаңа материал, цементпен нығайтылады және ресайклермен араластырылады.

Тозығы жеткен жолды жаңартуға республикалық бюджеттен 13 млрд 900 млн теңге қаржы бөлінген. Ауқымды жөндеу жұмыстары техникалық қадағалау қызметі мен Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандарының назарында. 

Қайрат Жүгінісов, техникалық қадағалау қызметінің маманы:

- Жалпы 13 ескерту болды. Бірінші «подгрунтовка» жасалады. Сол битумның шашылу сапасына байланысты ескертулер беріледі. Ол уақытылы қалыпқа келтіріледі. Анықтаған жерді мердігер өз есебінен қайтадан салады.

Қандыағаш, Шалқар қалаларын Ырғыз ауылымен байланыстыратын жол – республикалық маңызы бар бағыт. Себебі Ақтөбе облысының бірнеше ауданын кесіп өтіп, Орталық – Батыс және Самара – Шымкент халықаралық дәліздеріне шығар төте жол осы.

Аслан Капенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:

- Техника саны жеткілікті. Қазір қосымша жұмыс қарқындылығын жоғарылату мақсатында мердігер мекемеге тапсырма беріліп, техника және адам санын көбейтіп жатырмыз. Соның ішінде «самосвалдардың» санын көбейту, асфальт жұмыстарының қарқынын жоғарылату үшін. Аталған орташа жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға тапсыру жоспарланған.

Жалпы биыл облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың 282 шақырымы жаңартылады. Атап айтқанда, Ақтөбе – Мәртөк, Ақтөбе – Орск, Қарабұтақ – Қостанай бағыттарында да жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов, Ақтөбе облысы, 24КЗ