Павлодарда полиция қоғамдық тәртіпті дронмен қадағалайды
Павлодарлық полицейлер қоғамдық тәртіпті дронмен қадағалайды.
Ұшатын аппараттар өзен жағасы мен қоғамдық орындарды патрульдейді. Әуеден бақылап, қылмыстың алдын алады. Сонымен қатар патрульдік топтар жағажай бойында квадроциклмен қозғалады. Бұл техника жедел әрекет ету уақытын қысқартып, төтенше жағдайда жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Абылайхан Алпысбай, қалалық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары:
- Дрон мен квадроциклдерді орталық және «Усолка» жағажайын патрульдеу үшін күнделікті қолданамыз. Сол арқылы қоғамдық орындарда ұсақ құқық бұзушылықтан бастап ішімдік пайдалану, ұрлық-қарлық сияқты деректерді анықтаймыз. Нәтижесі жаман емес. Осы күнге дейін дрондар көмегімен 200-ге жуық құқық бұзушылық назардан тыс қалған жоқ.