Қазақстан мен Ресейдің ішкі істер органдары ынтымақтастықты арттырады
Қазақстан мен Ресейдің ішкі істер қызметі қауіпті қылмыскерлерді іздеу, есірткі бизнесімен күресу және интернет алаяқтарды әшкерелеу бойынша ынтымақтастықты нығайтты.
Өскеменде кездескен екі елдің ішкі істер министрлері осы және өзге де ортақ мәселелерді талқылады. Алқа отырысында министр Ержан Сәденов аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау үшін, бірлескен операциялардың жиі өтетінін айтты. Мысалы көршілес екі елдің азаматтарын алдап, талай адамның қалтасын қаққан интернет алаяқтардың тобы ұсталған. Былтыр Ресей тарапынан 100 ден аса халықаралық сұрау түскен. Ресейдің ішкі істер минстрі Владимир Колокольцев құқыққорғау саласындағы әріптестікті нығайтуға мүдделі екендерін жеткізді.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Киберқылмысқа қарсы нақты шаралар қабылданған. Мәселен былтырғы келісімдерге сай бірлескен операция жүргізілді. Нәтижесінде интернет алаяқтықты іске асыру мақсатында сим-бокстар арқылы заңсыз трафик ұйымдастырған топ анықталды. Күдіктілердің екеуі Қазақстаннан, ал тағы бірі Ресейден ұсталды.
Владимир Колокольцев, РФ Ішкі істер министрі:
- Министрліктер арасында өзара тұрақты ақпарат алмасу жолға қойылған. Осы ынтымақтастықты дамыту үшін бірлескен цифрлық инфрақұрылым құрылуда. Электрондық түрде мәліметтерді беру туралы шарт жобасы әзірленуде. Интерпол арнасы арқылы берілетін мәліметтер көлемі де өсіп келеді. Былтыр бұл көрсеткіш шамамен 10%-ке артты.