Арқалықта су құбырлары жаңартылып жатыр
Арқалық қаласында су құбырлары толықтай жаңартылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Екі жыл ішінде 40 шақырым құбыр ауыстырылған. Бұл апаттың алдын алып, тұрғын үйлерге ауызсуды үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді.
Мына тұрғын үйдің жоғарғы қабатында тұратындар жаз бойы су жинап әлек болатын. Үшінші қабаттан әрі қарай тіршілік нәрі жетпей, құбырдағы судың қысымы төмендеп, тұрғындар жылдар бойы әбігерге түскен.
Айгүл Садықова, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Мен осы үйде төртінші қабатта тұрамын. Бізде судың көтерілу мәселесі өте ауыр болды. Егер де базардың арғы жағында жер үйдегілер кешке жақын бақшаларын суарса, бізге су көтерілмейді. Осыдан екі жыл бұрын қалада құбырлар ауыстырылды. Жерді қазып, құбырын ауыстырғаннан кейін бізде қазір су жақсы, тамаша. Қатты ағады.
Арқалықтағы су жүйесін толық жаңартуға республикалық бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылып жатыр.
Өміржан Әбдібеков, қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының м.а.:
- Арқалық қаласының су құбырының тозуы 86%-тен асқан болатын. Сол себепті біз 2023-тен жұмыс жасадық. Бірінші кезеңде су құбырын ауыстырдық. Ол кезде 20 шақырым су желілерін ауыстырдық. Осы жылға 19,3 шақырым су желілерін ауыстыру жобаланған.
Тозығы жеткен шойын құбырлардың орнына полиэтиленнен жасалған жаңа құбырлар салынып жатыр. Мамандардың айтуынша, олар 25 жылға дейін шыдайды. Бүгінде құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Ерлан Асқарбай, участок бастығы:
- Жалпы жоспарымыз қазан айына жоспарланған. Біз енді жұмыстың 70%-ін біткендіктен, қыркүйек айында жалпы жұмысымызды аяқтасақ па деген жоспарымыз бар. Жұмыс қарқыны жақсы. Ешқандай кедергі жоқ. Бәрі бірқалыпты.
Өңірде ауылдық жерлердегі су құбырлары да жаңартылып жатыр. Жыл соңына дейін 20 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Тағы 13 елді мекенде су тарату пункті ашылады. Осылайша ауыл халқын 100% ауызсумен қамту жоспарланып отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг