«Болашақтың киіз үйі» жобасы халықаралық марапатқа ие болды

Алматылық сәулетшінің «Болашақтың киіз үйі» жобасы халықаралық марапатқа ие болды.

29 жастағы Равиль Нұрғиса халықаралық Design Educates Awards (Дизайн Эдьюкейтс Эвордс) байқауының лауреаты атанды. Ол қазақтың киіз үйін негізге ала отырып, заманауи әрі экологиялық технологиялармен біріктірген. Болашақ киіз үйінің ауданы 25 шаршы метр, іші жиһазбен жабдықталған. Сонымен қатар жауын суын тазартатын автономды жүйе және күн энергиясынан қуат алатын қондырғы орнатылған. Мұндай киіз үйдің құны шамамен 20 миллион теңге. Жоба «Сәулеттік дизайн» аталымында жеңімпаз болды. Марапаттау рәсімі Германияда өтеді.

Равиль Нұрғиса, сәулетші:

- Қазақстанның туризмін кішкене қолға алып, дамытсақ деген оймен жасаған болатынбыз. Сол себепті туристік жерлерде глемпинг сияқты шараларды өткізуге ыңғайлы болады, деп ойлаймын. Экология тақырыбын ол жерде көтерген болатынбыз. Өйткені ішінде суды және жаңбырдың суын солардың бәрін тазалап, жаңадан қолданса болады.